Жаңалықтар

Ұлытауда балабақшада салғырттық: 4–5 жастағы балалар аязда қараусыз қалды

Ұлытауда балабақшада салғырттық: 4–5 жастағы балалар аязда қараусыз қалды

2026 жылғы 16 қаңтар күні сағат 13:00 шамасында Ұлытау облысындағы балабақшалардың бірінде төтенше жағдай тіркелді деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

2021 жылы туған, 4–5 жас аралығындағы балалар түскі ұйқы кезінде тәрбиеші мен күтушінің қарауынсыз қалған.Жанында бірде-бір ересек адамды көрмеген балалар жылай бастап, өз беттерінше киініп, балабақшадан кету туралы шешім қабылдаған. Сағат 13:14-те балабақша дәлізімен өтіп бара жатқан бухгалтер балаларды көргенімен, ешқандай шара қолданбағаны айтылды.

 

Ал сағат 13:16-да балалар өздігінен киініп, балабақша аумағынан шығып кеткен. Бұл уақытта далада –12 градус аяз, қатты жел мен боран болған.

 

Балабақшадан шыққаннан кейін дұрыс киінбеген, қатты тоңған балалар жылап, жолай өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұраған. Орта жастағы бір ер адам балаларға жанашырлық танытып, оларды үйлеріне жеткізуге көмектескен.

 

Сағат 13:32-де балалар қатты қорқып, жылаған күйде үйлеріне жеткен. Оқиғадан кейін ата-аналар балабақша жұмысына қатысты толық әрі жан-жақты тексеру жүргізуді талап етіп отыр.

 

Аталған жағдайға байланысты жауапты органдардың қандай шара қолданатыны әзірге белгісіз.

 

Барлық жаңалық