13 қыркүйекте Ұлытау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Б.С. Райымқұлов пен осы бөлімнің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Ж.Е. Қуанышбековті қылмыс үстінде қолға түсірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты qaz365.kz сайтына сілтемемен.
Олар Жаңаарқа ауданындағы «Достық» кафесінің жанында азамат М. Жақаннан оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып береміз деген желеумен 5 миллион теңге алған сәтінде ұсталған.
Белгілі болғандай, бұған дейін азамат «Ж» құқық қорғау органдарына шағымданып, пара талап ету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі 1 және 2-тармақтарына (алдын ала сөз байласқан топтың қорқытып алу арқылы пара алуы) сәйкес қозғалған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осы оқиғаға байланысты Ұлытау облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді:
«ҰҚКД және Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бірлескен шара барысында Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің екі қызметкері заңсыз әрекеттер жасады деген күдікпен ұсталды. Департамент бастығының бұйрығымен олар теріс себептер бойынша қызметтен босатылды. Полиция әрқашан қағидатты ұстанымда: заңға қарсы шығып, антына адалдық танытпағандар жауапкершіліктен құтыла алмайды», – делінген хабарламада.