Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram желісіндегі ресми парақшасы арқылы барша қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтады. Президент өз сөзінде қазіргі баспа ісіндегі өзгерістерге қарамастан, кітаптың рухани құндылықтардың қайнар көзі ретіндегі маңызы ешқашан жоғалмайтынын атап өтті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда кітап оқу мәдениетінің қайта жанданып келе жатқанына, әсіресе жастардың көркем шығармалар мен өзекті тақырыптарға қызығушылық таныта бастағанына ерекше назар аударды. Президенттің пайымынша, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект үстемдік құрған заманда оқу мәдениеті ұлт сапасының басты өлшемі болуы тиіс. Бұл қасиет халқымыздың бітім-болмысына тән асыл құндылық ретінде сақталып қалуы қажет.
Мерекелік құттықтаумен қатар, Мемлекет басшысы оқырман қауым үшін маңызды жаңалықпен бөлісті. Алдағы екі апта ішінде елімізде оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған арнаулы Жарлыққа қол қойылмақ. Бұл құжат кітапқа құштар ұрпақ тәрбиелеу мен қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға жаңа серпін бермек.
Президент кітап оқудың ұлт болашағы үшін стратегиялық маңызы бар екенін тағы бір мәрте шегелеп айтты. Оның пікірінше, бұл оң үрдіс мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, жүйелі түрде дами бермек.