Құрылыс нарығы кейінгі жылдары айтарлықтай өзгерді. Материал бағасы қымбаттап, жұмыс күші жетіспей жатқан кезде, жөндеу жасауды жоспарлаған әр адам «қашан бастасам тиімді?» деген сұрақ қояды. Бұл сұрақ бізді де мазалады деп, ойланады Ozgeris.info.
Қыс – тиімді маусым
Белігілі компания директоры, құрылыс саласының білікті маманы Ескендір Рахимовтың айтуынша, құрылыста маусымдық фактор маңызды рөл атқарады. Жазда сұраныс көбейеді, шеберлердің бағасы көтеріледі, ал қыста жұмыс азайып, нарық «тынышталады». Айтуынша, дәл осы уақытта жөндеу бастаған тиімді.
«Қыс өлі маусым деуге болады. Көптеген шеберлердің тапсырысы азайғандықтан, баға келісімі сәтті жүреді. Әрине, кейбір қиындықтар бар. Қоспалар баяу кебеді, қосымша жылытуға тура келеді. Бірақ тұтастай алғанда, клиент үшін бұл тиімді кезең. Шеберлер жұмысты қуана қабылдайды, ал бағасы да жаз мезгіліне қарағанда қолжетімді», дейді ол.
Бұл кеңес тәжірибелі құрылысшылар арасында жиі айтылатын, бірақ көпшілік ескере бермейтін ереже. Расында, қыс – арзан, бірақ ыңғайсыз кезең. Рахимовтың айтуынша, клиенттер көбіне қыста жөндеуден бас тартады, себебі мереке, отбасы шығындары және суық ауа райы кедергі келтіреді. Бірақ дәл осы себептер – бағаларды төмен ұстап тұратын факторлар.
«Мен әрқашан жөндеуді қыста бастауды ұсынамын. Егер бұл маған, құрылысшы ретінде, тиімді болса, онда тапсырыс берушіге де тиімді», дейді маман.
Баға шаршы метріне 40 мыңнан басталады
Ремонт бағасы бүгінде айтарлықтай өскен. Бұрынғыдай «шағын жөндеу жасап шығу» енді сирек кездеседі. Маман нақты сандар келтіреді:
«Эконом-класс деңгейінде кілтті тапсыру түріндегі жөндеу жұмыстарының бағасы шаршы метріне 40 мың теңгеден басталады. Орта сегментте 50-60 мың теңге. Ал премиум және дизайнерлік жобаларда бұл көрсеткіш 200 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл материалдарды есептемегендегі баға. Керамогранитті төсеу жұмысы орта есеппен 7-15 мың теңге тұрады. Егер плитка кең форматта болса, бағасы 30 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл жұмыста үнемдеуге болмайды, себебі материалдың өзі қымбат және қатесі қымбатқа түседі», дейді Рахимов.

Үнемдеудің ақылды жолы бар
Әр адам жөндеуде үнемдегісі келеді. Бірақ Рахимовтың айтуынша, бәрінен үнемдеу – ең үлкен қателік. Дегенмен, кейбір жұмыстарды өз қолымен атқару арқылы аздаған шығынды қысқартуға болады.
«Мысалы, демонтаж жұмыстарын өзіңіз істей аласыз. Бұл жерде ерекше шеберлік қажет емес – тек күш пен қоқысты шығару жағын ұйымдастыру керек. Сол арқылы біраз қаржы үнемдеуге болады. Материалдарды базардан алуға болады – баға жағынан тиімді. Бірақ сападан үнемдеуге болмайды. Кейбіреулер өздері сатып алғысы келеді, бірақ мен оны прорабқа сеніп тапсыруды ұсынамын. Ол қателіктерден сақтандырып, артық шығынды болдырмайды», дейді ол.
Баға кейінгі бес жылда 2-3 есе өсті
Соңғы жылдары құрылыс нарығындағы баға динамикасы бүкіл ел бойынша байқалып отыр.
«Кейінгі бес жылда жөндеу бағасы 2-3 есе өсті. Бұрын бір шаршы метр 20-30 мың теңге тұрса, қазір 40-60 мың теңгеден басталады. Материалдардың да құны бірнеше есе қымбаттады: мысалы, бұрын 500 теңге тұрған кафель желімінің қапшығы қазір 3 мың теңгеге дейін жетеді», дейді маман.
Бұл өсімге құрылыс материалдарының импортқа тәуелділігі мен логистикалық шығындардың көбеюі себеп. Отандық нарықта бағаның мұндай өсуі тұрғын үй нарығымен қатар жүреді: шаршы метр қымбаттаған сайын, жөндеу құны да артатыны заңдылық.

Халық арзан әдіс ойлап тапты
Жөндеу кезінде жиі кездесетін басты қателіктің бірі – мамандар мен сапалы материалдарға үнемдеу. Көп адам «өзім-ақ істеймін» деп жөндеуді өз бетімен бастап кетеді. Бірақ соңында бәрін қайта жасауға шебер шақыруға тура келеді. Нәтижесінде шығын көбейеді, себебі жауапкершілік те, жұмыс көлемі де артады. Кейде бәрін қайтадан бастаған жеңіл.
Соңғы уақытта TikTok-та мүлде басқа, қарапайым тәсіл танымал бола бастады. Видеолардың бірінде автор ешқандай құрылыс білімі мен тәжірибесі жоқ адамдар да қабырғаны әдемі етіп тегістей алатынын көрсетеді. Ол үшін тек үш құрал жеткілікті: губка, шпатель және аздап сылақ қоспасы.
Автор бұл әдісті «жалқау сылақ» деп атайды. Себебі мұнда нақты тегістеу жұмысы емес, еркін, шығармашылық әрекет басты орында.
«Кел, қоспаны бірге дайындайық. Мен 15 күрек қоспаға 4 литр су қостым. Қоспаны кем дегенде үш минут тұндырып, содан кейін қайта араластыру керек», дейді ол видеода.
Одан кейінгі қадамдар өте қарапайым. Қабырғаға сылақты шпательмен ретсіз, еркін түрде жағады. Жұмысты шағын бөліктермен жасаған дұрыс, өйткені қоспа тез кебеді. Бір сағаттан кейін қабырға кебеді, бірақ жақсы нәтиже алу үшін бір тәулік күткен жөн. Қабырғаны осылай қалдырса да болады – рельефті бедер бөлменің дизайнына ерекше әсер береді.
Соңғы кезең – жеңіл тегістеу мен бояу. Автордың айтуынша, қабырғаны аздап шлифовкалау керек. Қатты баспай, тек ірі бедерлерді тегістеу жеткілікті. Сонда бояу тегіс түседі, ал сылақ үгітіліп кетпейді.
Шынында да, нәтижесі кәсіби шебер істегендей әсер қалдырады. TikTok қолданушыларының пікірлері әртүрлі болды. Біреулері бұл тәсілді арзан әрі тиімді деп бағалады: «Керемет! Әдемі, тез және арзан – бұдан артық не керек?» – деп жазды. Ал кейбіреулері дәстүрлі тәсілді дұрыс көреді: «Тегіс қабырға мен обойға ештеңе жетпейді», дейді олар.
Астанадағы құрылыс дүкендерінің дерегінше, 25 килограммдық гипс сылақтың бағасы шамамен 2,5 мың теңге. Бір қап сылақ бірнеше шаршы метр қабырғаны өңдеуге жетеді. Демек, бар болғаны бірнеше мың теңгеге Pinterest-тегі стильде интерьер жасауға болады.
