📰 Сарапшылар пікірі

Тыйым салынса да: SAT NS құрылыс компаниясы мен Астана әкімдігі табиғатты талқандап жатыр

Астана қаласының әкімдігі табиғатты талқандап жатыр. Елодараның қақ ортасындағы Кіші Талдыкөл маңында құрылыс қарқын алған. Айналада бірнеше зәулім тұрғын үй кешені салынып жатыр. Экобелсенділер мен тұрғындар дабыл қағуда. Олардың сөзінше, көлге ұшып келетін құстар да жылдан жылға сиреп, азайған. Одан бөлек көл маңына қоқыс тастау жиілеп кетті деп алаңдап отыр. Бұл ретте сарапшы билікті қатаң сынға алып, табиғатты қорлағандар ертең опық жейтінін ескертті. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.

Астана маңындағы Талдыкөл 13 мың жыл бұрын пайда болған деген мәлімет бар. Ол бірнеше көлден тұратын экожүйе. Бұл көлдер жерлігікті халықтың тұрмыс-тіршілігінде маңызды рөл атқарған. Жұрт жағасынан аң-құс, судан балық аулаған. Кеңес үкіметі кезінде бұл көлдер қаланың ағын сулары жиналатын айдын болған. 2000-жылдардан бастап көл табиғи қалпына келтірілді. Бұл көлдің маңында 130-дан астам құс түрі мекендеген.

2020 жылдан бері Талдыкөлден тыныштық кетті. Астана әкімдігі көлдер жүйесіндегі кейбір айдынды құрғатып, олардың табанына тұрғын үй салатын болды. Қоғам белсенділері биліктің әрекетіне қарсы шығып, түрлі акциялар өткізді. Наразылық күшейген тұста әкімдік көлдің экожүйесіне зиян келтірмейміз деп, кейбір бөліктеріне тиіспейтін болды. Ал кепкен жерлеріне зәулім үйлер салынуын жалғастыра берді. Қолдан кептірілген жерлерде кейін су шыға бастады.

Астана қаласының әкімдігі болашақта үлкен пробламаларға әкелетін жұмысын жалғастыруда деп шүйлікті сарапшы Айбар Олжаев. Тыйым салынды десе де, Талдыкөлді кептіріп, топырақ төгу тоқтамаған.

«Талдыкөлдің тағдыры айтпаса да белгілі. Айналасында құрылыс жүріп жатыр, қоқыс төгіліп сиқымы кетті. Табиғатқа қиянат жасалып жатыр. Кіші Талдыкөл қаланың табиғи бөлігі, бірақ әлі күнге дейін арнайы статусы жоқ. Құнды территория саналмайды. Аумақты сақтап қалу стратегиялық маңызды екенін қала билігі елемей отыр», - дейді  SOS Taldykol бірлестігінің сарапшысы Руслан Оразалиев.

Кіші Талдыкөлдің тағдыры осымен 5 жыл қыл үстінде. Биліктің әрекеті заңсыз дейді қоғам белсенділері. Соған қарамастан жауапкершілікке тартылған ешкім жоқ. 

«Былтыр жаз бойы кәріз суын төкті. Биыл кеміргіштерді улады, содан құстар зардап шеккен шығар. Қоқыс үйіндісінен дамба тұрғызды. Кейде бетон төгіп жатқанын көреміз», - дейді Астана тұрғыны Мәдина Дүйсенбаева.

Қазіргі уақытта су айдынының орнында аты шулы SAT NS компаниясы «Республика» тұрғын үй кешенін белсенді түрде салып жатыр. Ал көлдің екінші жағында NAK компаниясының «Экопарк» жобасы салынуда. Әу баста бұл жерде демалыс аймағын салу көзделген еді. Ал CityLake кешенінің тұрғындарына көл көрінетін локациялы пәтерлер уәде етілген.

«Тұрғындар демалатын саябақ болады. Мейілінше су айдынын сақтауға тырысамыз. Топыраққа химиялық талдау жасаймыз. Яғни, су айдынындағы биоалуандылықты сақтап қалу үшін зерттеулер жүргізу жоспарланған. Жұмыс жоспары бекітілді, соның аясында су қоғау белгісі қойылады», - дейді Астана әкімдігінің өкілі Жанар Сәдуақасова.

Сарапшы Айбар Олжаев бұл құрылыс жұмыстарына қарсы. Оның айтуынша, топырақ төгумен іс бітпейді.

Табиғаттың суы ешқайда кетпейді. Түбі ол анау салынып жатқан үйлердің іргетасын шайып, құлатады. Сол кезде кім жауап береді? Неге біз ертеңгі күнді ойланбаймыз? Үй салу үшін міндетті түрде табиғатты талқандау қажет пе?», - деп шүйлікті экономист.

Сарапшылардың айтуынша, ахуалды толық білу үшін күрделі зерттеу жүргізу керек. Себебі су басу қаупі жоғары.

«Су бәрібір шығады. Бір жағын бітеп тастасаң, ол басқа нысанның астынан шығады. Естуімше, Кіші Талдыкөл маңында салынған көп үйлердің іргетасы көгеріп, көктемде жертөлесіне су кірген. Демек жерасты суы көтерілген. Сондықтан алдымен ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізу керек, одан кейін жобалық-сметалық құжаты бекітілуі керек, кейін экологтар қатысқан сараптапалық қорытындысын шығару керек, осы процедуралардан кейін ғана тендер жариялап, құрылысқа кірісу керек», - дейді құрылыс ардагері Фарид Ақбердиев. 

Қорытындылай келе, Айбар Олжаев билікке ескерту жасады. Оның айтуынша, Талдыкөл қазақ елін әлі-ақ жазалайтын болады. 

Барлық жаңалық