Түркістан облысы

Түркістанда ауруханадан қашқан күдікті ұсталды

Түркістан облысының полицейлері үш күн бұрын медициналық мекемеден қашып кеткен күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.

 

Полицияның мәліметінше, ер адам Түркістан қаласындағы танысының үйінен табылған.

 

«Қашқын қазір тергеу изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген полиция хабарламасында.

 

23 қазан күні сотталушы мәртебесіндегі ер адам Түркістан қаласындағы ауруханалардың бірінде ем қабылдап жатқан кезде қашып кеткен. БАҚ мәліметінше, ол микрокредиттік ұйымға қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде танылған. Тергеу дерегіне сәйкес, аталған ұйымның клиенттері несиелерін толық өтегенімен, кепілге қойған үйлерін қайтара алмаған.Қашқынды іздеу жұмыстарына Түркістан облысы полициясының бүкіл жеке құрамы жұмылдырылған болатын.

Барлық жаңалық