Түркістан облысы

Түркістан облысында бюджеттің 49 млн теңгесін ұрлағандар сотталды

Түркістан облысында мемлекеттік қаражатты жымқырудың ірі схемасы әшкереленді деп хабарлайды Оzgeris.info сайты.Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ондаған миллион теңге жалған жұмысқа қабылдау арқылы ұрланған.

 

Тергеу деректеріне сүйенсек, «Еңбек мобильдігі орталығы» ШЖҚ МКК-ның бұрынғы басшысы, бөлім қызметкері және бірнеше жеке компанияның жетекшілері бірігіп, азаматтарды субсидияланатын жұмыс орындарына тек құжат жүзінде тіркеп отырған. Шын мәнінде ешқандай жұмыс атқарылмаған. Жалпы саны 78 адам «құжат жүзінде» жұмысқа алынған, ал мемлекетке келтірілген шығын 49 миллион теңгеден асып кеткен.

 

Схеманың жұмыс істеу тетігі былай болған: орталықтың қызметкері кәсіпкерлердің ЭЦҚ-сын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларға жалған ақпаратпен өтінім жіберген. Өтінім мақұлданғаннан кейін, ойдан шығарылған лауазымдарға адамдарды қабылдау туралы бұйрық рәсімделген. Кәсіпкерлер бұл іске өздерінің туыстары мен таныстарын тартып, мемлекеттік қолдау шараларына қатысу үшін шот ашу керектігін айтып түсіндірген.

 

Ай сайын жүйеге жалған табельдер енгізілген. Сол құжаттардың негізінде ақша «жұмысшылардың» есепшоттарына аударылып отырған. Кейін бұл қаражат толықтай қолма-қол алынып, схеманың ұйымдастырушылары арасында бөлінген.

 

Сот шешімімен үш адам төрт жарым жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал екі кәсіпкерге төрт жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

 

Сонымен қатар, келтірілген залал мемлекетке толығымен өтелгені хабарланды.

Барлық жаңалық