Елімізде баспана кезегінде тұрған азаматтардың саны көп. Кейінгі кезде осы кезекке қатысты сұрақ та, алаңдаушылық та артты. Осыған байланысты Отбасы банк тұрғын үйге мұқтаж адамдардың деректерін қайта жүйелеп, мемлекеттік қолдауды әділ бөлуге бағытталған жаңа тәртіптерді жариялады, деп жазады Ozgeris.info.
Банктің айтуынша, бұл өзгерістер кезектен себепсіз шығып қалу қаупін азайтып, әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғауға көмектеседі. 2025 жылдың мамырынан бастап Отбасы банк тұрғын үй кезегін орталықтандырылған форматта жүргізе бастады. Осы уақыттан бері жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйлер де банк арқылы бөлініп келеді. Тамыз айында әкімдіктер банкке 642 мыңнан астам азаматтың деректерін тапсырды. Ал қазан айынан бастап бұл мәліметтер кезең-кезеңімен тексеріле бастады. Негізгі мақсат деректерді жаңарту және көмекті әділ үлестіру болды.
Тексеру кезінде бұрын ескерілмей келген бірқатар мәселелер анықталды. Қағаз құжаттан электрондық жүйеге көшу барысында кей деректер жоғалған. Кейбір азаматтардың мекенжайы өзгерген. Кейбірінің пәтерде өте аз ғана үлесі болған. Отбасы құрамын тіркеуде де қателіктер кездескен. Сонымен қатар жетім балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарына қатысты түйткілдер де назарға алынды.
Осы мәселелерді шешу үшін банк бірқатар нақты қадам жасады. Енді жетім балалар оқу немесе жұмыс үшін басқа қалаға көшіп, тіркеуі өзгерсе де, бұрын тұрған өңірі бойынша тұрғын үй алу құқығын сақтайды. Пәтердегі өте аз үлес те кедергі болмайды. 2026 жылдың ақпанынан бастап мұндай азаматтар жалдамалы үй мен жеңілдетілген ипотекаға қатыса алады.
Сонымен бірге бұрын берілген кредиттік немесе жалға берілетін тұрғын үйден бас тартқан, бірақ ол жерде нақты тұрмағанын дәлелдейтін құжаты бар адамдар қайта кезекке тұра алады. Жетім балалар мен мүгедектігі бар адамдарға табыссыз да талапқа сай болуға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ олар қосалқы қарыз алушы ретінде 2 адамға дейін тарта алады. Бақша учаскесінде шағын үйі бар азаматтар да кезекке тұру құқығын сақтап қалды.
Деректерді енгізу кезінде кеткен техникалық қателіктер де ескерілді. Егер мәлімет қате болса, оны арыз, әкімдік хаты немесе сот шешімі арқылы түзетуге болады. Отбасы құрамына бөтен адамдар кіріп кеткен жағдайда да құжатпен өзгертуге рұқсат етіледі. Өңірлердің шекарасы өзгергеннен кейін ескірген деректер де арыз арқылы жаңартылады. Ал шетел азаматымен некеде тұрған жағдайда жұбайлар түгендеу кезінде отбасы құрамынан шығарылуы мүмкін.
Енді тұрғын үй тек деректері толық жаңартылған, түгендеуден өткен азаматтарға ғана беріледі. Бұл бұрын kezekte.kz жүйесіндегі ескі мәліметтерге байланысты кеткен қателіктердің алдын алуға бағытталған. Отбасы банк қабылданған шешімдердің барлығы заң аясында іске асатынын атап өтті. Банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бұл жұмыстың маңызын былай түсіндірді:
«Кезектегі әр жазбаның артында бір отбасының үміті мен тағдыры тұр. Біз әр жағдайды әділ қарауға тырысамыз. Бұрын жүйеде кеткен қателіктер болса, оны бүгін түзетуіміз керек. Отбасы банк халықтың мәселесіне бейжай қарамайды және өмірді нақты жақсартатын шешімдер қабылдауды жалғастырады».
Алдағы уақытта банк деректерді жаңарту жұмыстарын жалғастырады. Сонымен қатар күрделі жағдайларды жедел қарау үшін арнайы тұрғын үй комиссиясын құру мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Жалпы алғанда, жаңа өзгерістер тұрғын үй кезегін ашық етуге, қателіктерді азайтуға және шынымен мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған. Енді кезекте тұрған әр адам өз деректерінің дұрыс екеніне көз жеткізіп, мүмкіндігінше уақытында жаңартып отырғаны жөн.