Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимерген әлеуметтік желілерде тараған өзіне қатысты ақпаратқа түсініктеме берді деп хабарлайды Оzgeris.info.Соңғы уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде оның Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевқа екінші әйелі ретінде тұрмысқа шыққаны жайлы хабарлама кеңінен талқыланған болатын.
Кеше Нұрайым Шақимерген бұл мәліметті ресми түрде растады. Оның айтуынша, ол шынында да Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың жары, және олардың ортақ ұлы бар.
«Біз отбасымыз, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Жас айырмашылығымыз 15 жыл, бірақ бұл бізге кедергі емес. Екінші жыл отбасылы өмір сүріп келемін, ортақ баламыз бар»,– деді ол сұхбат барысында.
Сонымен қатар, депутат жұбайымен сайлаудан кейін танысқанын айтып, өзінің депутаттық мандатын «сыйлық емес, халықтың сенімі арқылы» алғанын атап өтті.
Нұрайым Шақимерген өзін «тоқал» деп атау жөніндегі пікірлерге қарсы шығып, мұндай айыптауларды кибербуллинг деп бағалады.
«Менің мандатымды тапсырсын деген пікірлер де айтылып жатыр. Бірақ мен мұны әділетсіз деп санаймын. Бұл мені саясаттан шеттетуге бағытталған әрекет», — деді депутат.
Айта кетейік, соңғы күндері әлеуметтік желілерде депутатқа қатысты түрлі пікірлер мен алып-қашпа әңгімелер қызу талқыланған еді.