Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдегі импортқа тәуелділік мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы үкіметке қазақстандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және әділ сауда тетіктерін қалыптастыруды тапсырды.
«Біздің нарықтағы жағдай – ұятты жағдай. Үкімет әділ еуразиялық сауданы қамтамасыз етуге тиіс. Біздің кәсіпкерлер ЕАЭО елдеріндегі әріптестеріндей қолдауға ие болмай отыр. Соның салдарынан өз нарығымыздан айырылып қалу қаупі бар», деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, импорттан толық бас тарту мүмкін емес, бірақ басты мақсат – отандық өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ішкі нарықты қорғау.
Үкіметке қазақстандық кәсіпкерлерге тең мүмкіндік жасау және олардың мүддесін халықаралық деңгейде қорғау бағытында нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.