Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампқа хат жолдап, Айға бағытталған «Артемида-2» миссиясының сәтті аяқталуымен құттықтады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді. Мемлекет басшысы соңғы жарты ғасырда адамзаттың Айға алғаш рет сапар шегуін ғарышты игерудегі үлкен тарихи кезең деп бағалап, Американың озық ғылыми жетістіктеріне назар аударды. Ол бұл қадамның болашаққа тигізер пайдасы зор екенін айтты.
«Бұл дүние жүзіндегі ғалымдардың, инженерлер мен зерттеушілердің жаңа буынын жігерлендіріп, білім көкжиегін кеңейтетінін айтты», – делінген құттықтау хатында.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа алдағы уақытта «Артемида» бағдарламасы мен ғарыш саласындағы басқа да жобаларды жүзеге асыруда табыс тіледі.
«Артемида-2» миссиясы 50 жылдан астам уақыт ішінде адамдардың Айға жасаған алғашқы басқарылатын ұшу сапары саналады. Астронавтар 1 сәуірде SLS зымыраны арқылы Orion кемесімен ұшып, Айды айналып өткеннен кейін 10-11 сәуір шамасында Жерге оралып, мұхит бетіне сәтті қонды.
Жалпы 10 күнге созылған бұл тарихи сапардың басты мақсаты болашақта Ай бетіне адам түсіру үшін кеменің тіршілікті қамтамасыз ету және навигация сияқты барлық жүйесін толық тексеру болды.