Жаңалықтар

Тоқаев: Цифрландыру мен жасанды интеллект – Қазақстанның ұлттық стратегиясы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым мен технологиялар кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, елдің экономикалық дамуы үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу стратегиялық маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Ақордаға сілтеме жасап.

 

Тоқаевтың айтуынша, цифрлық шешімдер атом саласында да тиімділікті, қауіпсіздікті арттырып, шығындарды азайтады. Ал жасанды интеллект бұл мүмкіндіктерді еселей түседі.

 

Мемлекет басшысы дамыған елдер жаңа технологиялық дәуірге қадам басқанын айтып, тарихтан мысал келтірді: XV-XVI ғасырларда Қытай әлемдік экономикада алдыңғы орында болса, өнеркәсіптік революциядан қалыс қалған соң артта қалып қойғанын еске салды. Қазіргі Қытайдың табысы – ғылым мен технологияға басымдық берудің нәтижесі екенін жеткізді.

 

«Сол сияқты Қазақстан үшін де кең көлемді цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – ұлттық стратегия. Бұл елдің болашағы мен тәуелсіздігіне тікелей байланысты. Егер біз әлемдік прогрестен қалып қойсақ, әлсіз әрі тәуелді елге айналуымыз мүмкін», – деді Президент.

 

Сонымен қатар, Тоқаев бұл саясатты жастар қолдайтынын, алайда қоғамда белгілі бір скепсис те бар екенін атап өтті. «Дегенмен еліміздің басқа жолы жоқ. Бұл – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде өміршеңдігіне қатысты мәселе», – деді ол.

Барлық жаңалық