Аралас жекпе-жек шебері әрі TikTok-та “Ануарбек-мотиватор” деген атпен танымал Ануарбек Бекембетов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Оzgeris.info Ішкі істер министрлігіне сілтемемен.
Полицейлер оның қатысуымен түсірілген агрессия мен бейәдеп сөздерге толы бейнероликті әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында анықтаған.
ІІМ мәліметінше, видеода физикалық күш көрсету және қоғамдық тәртіпті бұзу белгілері болған.
«Құқық бұзушы жедел түрде анықталып, полицияға жеткізілді. Түсініктеме беру кезінде ол видеоны “қаралым мен лайк жинау үшін” әдейі түсіргенін мойындады. Сот шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — делінген министрлік хабарламасында.
ІІМ өкілдері мұндай мазмұндағы видеолардың жастарға теріс әсер ететінін атап өтті.
«Агрессия, дөрекілік пен жалған “күш көрсету” норма емес. Әсіресе спортшылар мұндай әрекеттерден аулақ болуы тиіс. Олар жастарға үлгі көрсетуі керек», — деді министрлік.