Қоғам

Threads-тегі «финвстречалар»: күмәнді ұсыныстар нені көрсетеді?

Threads-тегі «финвстречалар»: күмәнді ұсыныстар нені көрсетеді?

Қазақстандықтардың назарын Threads әлеуметтік желісінде соңғы уақытта көбейген «қаржылық кездесулер» немесе «финвстречалар» туралы хабарландырулар аударды. Бір қарағанда бұл жай ғана танысу немесе қызмет көрсету туралы ұсыныс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда кейбір қолданушылар мұндай жазбалардың астарында басқа мақсат болуы ықтимал екенін айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр, деп жазады  Ozgeris.info тілшісі. 

Әлеуметтік желідегі талқылаулардың бірінде қолданушылар мұндай «бизнестің» бұған дейін жұмыс істеген кейбір интернет-ресурстардың жабылуынан кейін Threads платформасына ауысуы мүмкін деген болжам жасаған. Дегенмен бұл пікір әзірге нақты дәлелденген жоқ.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі ақпарат кеңістігін тұрақты түрде бақылап отыратынын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, әлеуметтік желідегі қандай да бір жазбаның жариялануының өзі автоматты түрде қылмыс немесе құқық бұзушылық болып саналмайды. Құқықтық баға әр жағдайдың мазмұнына, нақты мән-жайына және жиналған дәлелдерге қарай беріледі.

Мәселен, жарияланымдарда заңсыз қызметке тарту немесе оны ұйымдастыру белгілері анықталса, Қылмыстық кодекстің 308 және 309-баптары бойынша құқықтық баға берілуі мүмкін. Сонымен бірге пікір жазу, репост жасау немесе скриншот жариялау да өздігінен жауапкершілікке тартуға негіз болмайды. Бірақ мұндай әрекеттер заңсыз қызметке жәрдемдесуге бағытталса, жағдай өзгеше бағалануы мүмкін.

Осыған қатысты сарапшы Мақсат Айтбай әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет екенін айтты.

«Қазір әлеуметтік желі қауіпті ортаға айналып барады. Көп адам білместіктен осындай ұсыныстарға алданып қалып жатады. Сондықтан күмәнді дүниелерге қызығудың қажеті жоқ. Тіпті әлеуметтік желі арқылы бейтаныс адаммен байланысудың өзі белгілі бір қауіп тудыруы мүмкін. Әр адам заңды білуі және кез келген жағдайда сақ болуы керек. Себебі өз әрекетіне әркім өзі жауап береді. Жалпы, күмәнді адамдардың назарын аударатын немесе заңдылығына күмән келтіретін ұсыныстардан аулақ болған абзал», – дейді Мақсат Айтбай.

Бұл оқиға әлеуметтік желілердің бақылау мен құқық қорғау үшін жаңа алаңға айналғанын көрсетеді. Бұрын белгілі бір сайттарға бағытталған шектеулер енгізілген жағдайда, оның орнына басқа платформаларда ұқсас контент пайда болуы ықтимал. Сондықтан мәселені тек жекелеген аккаунттарды бұғаттаумен шешу қиын.
Ең бастысы – әлеуметтік желідегі кез келген күмәнді ұсынысқа сақтықпен қарау. Қолданушылар мұндай хабарландырулардың заңдылығына көз жеткізбей, жеке деректерін, мекенжайын немесе қаржылық ақпаратын бөліспегені жөн. Ал құқық қорғау органдары үшін басты міндет – заңсыз әрекеттің нақты белгілері бар-жоғын дәлелдер негізінде анықтау.

Барлық жаңалық