🌐 Әлем

Таза ауа үшін күрес: Амстердам билігі зиянды жарнамалардың жолын кесті

Таза ауа үшін күрес: Амстердам билігі зиянды жарнамалардың жолын кесті

Амстердам билігі Еуропа аумағындағы ең қатаң жарнамалық шектеулердің бірін енгізді. Енді қаланың қоғамдық орындарында қоршаған ортаға зиян келтіретін тауарлар мен қызмет түрлерін насихаттауға жол берілмейді. Бұл тізімге ет өнімдері, әуе сапарлары, теңіз саяхаттары және алыс қашықтыққа бағытталған турлар енген. Сонымен қатар бензин мен дизель отынымен жүретін көліктерді жарнамалауға да толықтай тыйым салынды деп хабарлайды ozgeris,info сайты.

Шектеу шаралары қала ішіндегі билбордтар мен аялдамаларды ғана емес, метро мен трамвай ішіндегі жарнама тақталарын да қамтиды. Тіпті көшедегі цифрлық экрандардан да көмірқышқыл газының бөлінуіне себеп болатын өнімдерді көру мүмкін болмайды. Жергілікті әкімдік бұл шешімді жаһандық климаттық дағдарыспен күресу және шаһарды экологиялық тұрғыдан таза ету мақсатында қабылдаған.

Қала басшылығы жарнаманың табиғатқа зардабын тигізетін өмір салтын насихаттамауы тиіс деп есептейді. Сондықтан ауаға парниктік газдарды көп мөлшерде бөлетін мал шаруашылығы өнімдері де осы қатаң бақылауға алынды. Амстердамның бұл қадамы экологияны сақтау жолындағы басқа қалаларға үлгі боларлық ерекше бастама ретінде қарастырылуда.

Барлық жаңалық