Қостанай облысындағы "Қайрақ" шекара бекетінде автокөліктердің жиналып қалу себебі белгілі болды. Бұл жағдайға халықаралық жол инфрақұрылымына түскен салмақтың артуы мен маусымдық тасымалдың көбеюі түрткі болған. Әсіресе экспорт пен транзитке бағытталған бақша дақылдары мен түрлі көкөніс өнімдерін таситын көліктер қатары айтарлықтай еселенді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Құзырлы мекеме өкілдері затордың пайда болуына бірнеше жағдай әсер еткенін алға тартады. Мәселен Қазақстан аумағынан шығатын бірнеше автокөлік өткізу бекеттерінде жүктеме өте жоғары. Сонымен қатар Орталық Азия елдері мен Еуропа Одағына жөнелтілетін өнім көлемі де артқан. Тәртіп сақшылары мен кеденшілер бекеттің қалыпты режімде жұмыс істеп тұрғанын нақтылады. Шекара арқылы өтетін жүк ағыны әдеттегі деңгейден ауытқыған жоқ. Күн сайын мемлекеттік шекараны шамамен 300-350 көлік қиып өтеді. Негізсіз немесе жүйелі түрде көлік бөгеу деректері тіркелмеген.
Шекарадағы уақытты созатын тағы бір жайт бар. Ресей Федерациясының аумағында орналасқан "Бугристое" автокөлік өткізу бекетінде қайта құру және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы құрылыс бақылау процедураларынан өту мерзімін ұзартып жіберді. Осы орайда 2026 жылдың 18 маусымындағы мәлімет бойынша көрші елдің өткізу бекеті алдындағы бейтарап аймақ жүк көліктеріне толық толған.
Дегенмен Қазақстан аумағына кіре берістегі бейтарап жолақ мүлдем бос, көлік қозғалысына ешқандай кедергі жоқ. Мемлекеттік кірістер департаменті сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын кәсіпкерлер мен тасымалдаушыларға ескерту жасады. Оларға шекарадан өту уақыты мен бағыттарын жоспарлаған кезде осы қалыптасқан жағдайды міндетті түрде ескеру ұсынылады.