Маңғыстау облысы соты бес тәртіп сақшысын қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды. Шешімге сәйкес, олардың үшеуі бес жылға бас бостандығынан айырылды, ал қалған екеуі шартты түрде 2,5 жылға жаза алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Іс 2024 жылдың 22 наурызында басталған. Сол күні полицейлер өндірістік базалардың бірінің аумағында техника ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстаған. Бейнекамералар оның көлігін сол жерде тіркеген. Кейінгі тінту барысында күдіктіден бірнеше генератор табылған.
Алайда ер адам бұл заттарды танысының рұқсатымен алғанын айтып, кінәсін мойындамаған. Көп ұзамай ол жәбірленуші ретінде танылып, өзін полицейлер ұрып-соғып, азаптады деп мәлімдеді. Шамамен бір жылдан кейін ғана үшінші сот процесінде үкім жарияланды.
Зигмунд Азизли есімді жәбірленуші сот шешімін әділетсіз деп санайды.
«Мен апелляцияға шағым бердім, прокуратураға да жаздым. Әділ жаза қолданылуы керек. Мені ұрып-соққандар бес жылдан көп отыруы тиіс еді. Олар кінәсін мойындамай, еш өкінген жоқ. Үйқамақтағы әр күн екі күн болып есептелді, енді бар болғаны жарты жыл ғана қалады да, бостандыққа шығады», – дейді ол.
Ал айыпталушылардың туыстары керісінше, олардың кінәсіз екенін алға тартады. Сотталған полицейдің әйелі Екатерина Новоселова бұл істің дәлелсіз екенін жеткізді.
«Камерадағы жазбалардан олардың қалай ұстағаны анық көрінеді. Көлікте айғайлап, әдепсіз сөздер айтқан – сол жігіттің өзі. Ол күйеуімді күртешесінен тартып алғаны да бейнежазбада бар», – дейді ол.
Жәбірленуші болса, азаптау «камера қойылмаған қараңғы бөлмеде» болғанын айтса, полицейлер керісінше ешқандай күш қолданбағанын мәлімдеді. Олар тек сөйлесу үшін кіргенін алға тартады, мұны бейнежазбалар да растаған.