Қыдырәлі Болманов әлеуметтік желідегі парақшасында жақында болған оқиғаға қатысты жазба жариялап, оқырмандарына алғысын білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Өнер иесі ең алдымен концерттеріне қолдау көрсеткен халыққа ризашылығын жеткізді.
«Ассалаумағалейкум Қазақ Елі! Барлық қалаларда өткен, зал тола көрермендеріміз, концерттерімізді көріктендірген сіздер екенін ыстық ықыластарыңыздан, үзбей қол соққандарыңыздан жүрегімізбен сезіндік. Мың алғыс! Кешегі оқиғаның өзінде, қаншама тілектеріңіз жүрекке жетті. Тілектеріңіз Алладан өздеріңізге мыңдаған есе болып қайтсын! Бізді қалай жақсы көрсеңіз, Жаратқан Алла сіздерді жақсы көрсін!», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Қыдырәлі Болманов тараған видеоға да пікір білдіріп, жағдайдың мән-жайын түсіндірді.
«Кешегі видеоны салған себеп – біреу-ақ… Ертең алдарыңызға сылтып басып “красавчик” болып шыққанда, түсінбей қалмасын, ердің басынан не өтпейді, ең бастысы бас аман… Аяғыма сызат түсті екен деп, концерт күнін ауыстыруға келіспедім. Мың бұралған биші де емеспін. Концертімізді күткен қаншама тыңдарманымыз бар. Бас аман, аяқ жазылады Алла қаласа!», – деді өнер иесі.
Продюсер жазбасында жылқыға қатысты айтылған пікірлерге де тоқталған.
«Біреу мүсіркесін, біреу тақым туралы ақыл айтсын деген мақсат жоқ! Құдайға шүкір, өз тізгініме, өзім иемін. Жылқы қасиетті жануар, ат тізгінін ұстап, ауылда өскен баламын. Тақымың тас болса да, тізгініне ие болмасаң – лағып кетесің. Біреуге ақыл айтудан аулақпын. Әрқайсымыздың өз ақылымыз – өзімізге әзер жетеді. Рас қой? Жылқы қасиетті болғанымен – ол мал. Аласы да, құласы да бар. Бұл – ситуация! Шыбын шағып кетті ме, кім білсін», – деп түйіндеді Қыдырәлі Болманов.