💰 Экономика

Тамызда не қымбаттайды?

Жаздың соңғы айы басталуға жақын. Ал 1 тамыздан бастап қазақстандықтар күнделікті тұтынатын кейбір тауарлар мен қызмет түрлеріне жаңа баға мен ережелерге куә болады. Автогаз, байланыс тарифтері, халықаралық саудадағы кедендік баж сынды өзгерістердің бәрі қалтаға әсер етуі мүмкін. Ендеше, осы тамызда не өзгеретінін, неге қымбаттайтынын қарапайым тілмен түсіндіріп өтейік, деп сараптайды Ozgeris.info.

🚗 Сұйытылған газ (автогаз) бағасы шарықтайды

Энергетика министрлігі шілденің ортасында автогаз бағасына қатысты жаңа бұйрық жобасын қоғамдық талқыға ұсынды. Егер құжат бекітілсе, 1-тамыздан бастап елімізде сұйытылған мұнай газының (СМГ) шекті бағасы өседі. Яғни:
    •    Көтерме баға (тоннасына): 51 932 теңгеден → 59 722 теңгеге дейін;
    •    Жанармай бекеттеріндегі бөлшек баға: әр литрге 7–10 теңге қосылады (өңірге байланысты).

Бұл не үшін жасалып жатыр? Сала мамандары бұл шешімнің артында газ өндіруші зауыттардың шығынға батып жатқаны жатыр дейді. Қазіргі белгіленген баға 51 932 теңге, ал нақты өндіріс құны шамамен 70-80 мың теңге. Яғни, әр тонна газ үшін зауыттар 20 мың теңге көлемінде шығын көруде.

Осы себептен кейбір зауыттар техникалық қызмет көрсетуді тоқтатып, жөндеу жұмыстарын кейінге шегеруде. Мұның соңы өндіріс көлемінің қысқаруына, ал ол өз кезегінде елде газ тапшылығына әкелуі мүмкін.

Сандар сөйлейді:
    •    2022 жылғы газ тұтыну – 1,8 млн тонна;
    •    2024 жылғы – 2,4 млн тонна;
    •    2025 жылға болжам – 2,6 млн тонна.

Энергетика министрлігі газ тапшылығының алдын алу үшін зауыттарға көбірек табыс түсуіне жол ашқысы келеді. Ал бұл қадам  бағаның өсуі екені анық. 

Айта кету керек: Қазақстанда автогаз бағасы – ТМД елдері ішіндегі ең төмен деңгейде. Яғни баға өссе де, көрші елдермен салыстырғанда бәрібір арзан болып қала береді.

📶 Байланыс операторлары да ойбайға салды

Байланыс саласында да жаңалық бар. 1 тамыздан бастап кейбір ұялы байланыс операторлары қосымшалар арқылы төлем жасағанда комиссия енгізеді және тарифтерге өзгерістер енгізіледі.

Beeline:
    •    Енді Simply және Janymda қосымшалары арқылы Kcell, Activ, Tele2 және Altel операторларының нөміріне теңге аударсаңыз, 0,5% комиссия ұсталады.
    •    Комиссия мөлшері төлемді растау бетінде автоматты түрде көрсетіледі.

Бұл әзірге тек ұялы байланысқа төленетін ақшаларға қатысты. Алайда компания болашақта басқа төлем түрлеріне де осындай комиссия енгізуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Altel/Tele2 (Kazakhtelecom):

«Мобайл Телеком-Сервис» компаниясы бірқатар архивтік тарифтерді жаңартып жатыр. Енді жаңа абоненттер үшін:
    •    «Практичный» тарифі – 2098 теңге:
20 ГБ интернет, Altel/Tele2 нөмірлеріне – шектеусіз, басқа операторларға – 160 минут, қалалық нөмірлерге – 500 минут.
    •    «Базовый» тарифі – 2500 теңге:
30 ГБ интернет, өз желісінде шектеусіз, басқа желілерге – 120 минут, қалалық нөмірлерге – 250 минут.
    •    «Керемет 2» тарифі – 2600 теңге:
30 ГБ интернет, басқа желілерге – 1000 минут.

📌АҚШ та алқымнан алмақ

1-тамыздан бастап Америка Құрама Штаттары Қазақстаннан жеткізілетін кейбір өнімдерге 25% кедендік баж салығын енгізеді. Бұл тікелей уран немесе мұнайға емес, фосфорлы өнімдер, оптикалық құралдар, кейбір азық-түлік шикізаты секілді тауарларға қатысты.

Бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан АҚШ-қа көп экспорт жасайтын елдердің қатарында емес. Дегенмен бұл шешім кейбір отандық өндірушілерге әсер етуі мүмкін. Олар АҚШ нарығындағы шығынды жабу үшін ішкі нарықтағы бағаны сәл көтеріп жіберуі де ықтимал.

📈 Жаңа Салық кодексі...

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оның ең үлкен жаңалығы – қосылған құн салығының (ҚҚС, яғни НДС) 12%-дан 16%-ға дейін өсуі.

Әзірге бұл өзгеріс заң жүзінде ғана бар. Бірақ кей кәсіпкерлер бағаны қазірден бастап біртіндеп өсіріп жатыр. Себебі болашақта бірден көтерілсе, тұтынушылар тарапынан түсініспеушілік туындауы мүмкін.

Ұлттық банк осы жаздың соңында-ақ инфляциялық қысым артып, баға өсуі байқалатынын болжап отыр. 

🎉 Тамызда демалыс күтіп тұр

Жағымды жаңалықтардың бірі 30 тамыз – Конституция күні. Бұл күн сенбіге түсіп тұрғандықтан, мерекелік демалыс автоматты түрде 1 қыркүйек, дүйсенбіге ауыстырылады. Демек, тамыздың соңында үш күн қатарынан демалыс күтіп тұр!

 

Барлық жаңалық