🌐 Әлем

Тәжікстан ЕАЭО-ға қосылуға асықпай отыр

Тәжікстан Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше болу мәселесін әлі де нақты шешкен жоқ. Елдің экономикалық даму және сауда министрі Завки Завкизода бұл сұрақты арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы қарап жатқанын айтты, деп жазады Ozgeris.info. 

Оның сөзінше, топ қазіргі геосаяси шиеленістер мен жаһандық экономикалық жағдайды ескеріп, жан-жақты сараптама жасап жатыр. Сонымен қатар ЕАЭО елдеріне ұқсас мемлекеттердің тәжірибесі де зерттеліп, кейін қорытынды ұсынылатын болады.

Дегенмен әзірге ешқандай нақты шешім немесе қорытынды жоқ. Айта кетсек, Завкизода 2021 жылы да осындай мәлімдеме жасаған еді. Ол кезде де одаққа кіру үшін барлық артық-кем тұстарын бағалау қажет екенін айтқан.

Ресей тарапы бұған дейін Тәжікстанның ЕАЭО-ға қосылуға ынталы екенін бірнеше рет жария еткен. Бірақ Душанбе бұл мәлімдемелерге нақты «иә» немесе «жоқ» демей, күмілжіп жауап беріп келеді.

Барлық жаңалық