АҚШ-тың Калифорния штатында қайғылы әуе апаты тіркелді. Эдвардс әскери әуе базасында B-52 стратегиялық бомбалаушы ұшағы құлады. Америкалық басылымдардың мәліметінше темір құс көкке көтеріле бере көп ұзамай аэродром аумағына қирап түскен, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Алдын ала тараған деректер борттағы сегіз адамның түгелдей ажал құшқанын растайды. Негізінен бұл әуе кемесін бес адамнан тұратын экипаж басқарады. Алайда бұл жолғы сапар сынақ мақсатында ұйымдастырылған. Сол себепті іште қосымша қызметкерлер мен ресми тұлғалар отырған.
Қайғылы оқиғаның нақты себебі әзірге жарияланған жоқ. Жалпы B-52 алыс қашықтыққа ұшатын және ядролық қару таситын аса қуатты америкалық стратегиялық ұшақ саналады. Соңғы кездері аталған бомбалаушы кемелер Таяу Шығыс аймағындағы әскери операцияларда белсенді түрде қолданылып жүрген.