Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жары Назира Бақаева алғаш рет эксклюзивті сұхбат беріп, отбасылық өмірі мен шығармашылықтағы рөлі туралы ашық айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.
Оның айтуынша, ол ұзақ жылдар бойы уақытын түгелдей отбасына арнап, балаларын оқыту мен тәрбиелеуге ден қойған. Соның салдарынан өзіне уақыт жетпей, жеке дамуына толық мүмкіндік болмаған.
— Бар күш-жігерімді отбасына арнадым. Жолдасыма тыныш, сенімді орта қалыптастыруға тырыстым. Ақан Сатаевтың көптеген идеялары мен сценарийлерінің тасада қалған теңавторы болдым. Сондықтан өзімді кинодан кеттім деп есептемеймін. Оның әр фильміне менің де үлесім бар, — дейді Бақаева.
Алайда оның аты бірде-бір фильмнің титрында көрсетілмеген және бұл бағытта ресми келісімшарт та болмаған.
— Қазір өз еңбегімнің бағаланғанын қалаймын. Әйел адам үнсіз көлеңкеде қалмауы тиіс. Өз үлесін ашық айтуға құқылы, — деп қосты ол.
Назира Бақаеваның осы мәлімдемесінен кейін коуч Роза Әшірбаева режиссерді сынға алды. Ол Пьер мен Мария Кюри мысалын келтіріп, ер адам әйелінің интеллектуалдық еңбегін мойындауы қажет екенін айтты.
— Ал Ақан Сатаевтың барлық жобасында оның жанындағы серіктесі — жұбайы Назира болған. Соған қарамастан, оның авторлығы еш жерде көрсетілмеді, — деді ол.
Желі қолданушылары да бұл мәселеге бейжай қарамай, пікір қалдыруда. Кейбірі режиссердің фильмдерін көрмеуге шақырса, енді бірі әйелінің еңбегі еленуі керек екенін жазған.
— Өмір бойы бес баласын туып, денсаулығы мен мансабын отбасы үшін құрбан еткен әйелді тастап кету — адамдыққа жат. Балаларын өсірген үйін де тартып алу — тым шектен шығу, — деп жазды бір қолданушы.