Қазақстан Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастыруда. Бұл жоба Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық бастамалардың бірі саналады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жаңа кезең теңіздің солтүстік бөлігіндегі су көлемін сақтауға және ұлғайтуға бағытталған.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі — Көкарал бөгетін қайта жаңарту. Сонымен қатар өңірдегі ирригациялық жүйелерді жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл шаралар теңіздегі су деңгейін көтеруге, су айдынының аумағын ұлғайтуға және су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Арал теңізін қалпына келтіру мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді.
Министрдің сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы келісім жасалған. Солтүстік Аралды сақтау — Орталық Азия елдері үшін тек экологиялық емес, сонымен қатар әлеуметтік және стратегиялық міндет.
Жобаның екінші кезеңінде Көкарал бөгетін жаңарту арқылы теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру жоспарланып отыр. Нәтижесінде Солтүстік Арал теңізінің аумағы едәуір ұлғаяды.
Есептеулер бойынша, жоба іске асқаннан кейін:
теңіздің аумағы 3 913 шаршы шақырымға дейін ұлғаюы мүмкін;
су көлемі 34 млрд текше метрге дейін жетеді.
Сонымен қатар Сырдария өзені бассейнінде су пайдалану жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан және Қызылорда облыстарында 160-тан астам ирригациялық жоба әзірленуде.
Бұл жобалар су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Үнемделген су көлемі Солтүстік Арал теңізіне бағытталып, теңізді қалпына келтіру үдерісін жеделдетеді.
Жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру 2026–2029 жылдарға жоспарланған.
Соңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Сырдария өзенінен Солтүстік Аралға 6 млрд текше метрден астам су жіберілген. Соның арқасында теңіздегі су көлемі 2022 жылғы 18,9 млрд текше метрден 2025 жылы 23 млрд текше метрге дейін артты.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа жобалардың іске асуы Арал теңізін қалпына келтіру процесін жеделдетіп, Арал маңы өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.