Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы кезінде Палата төрағасы Ерлан Қошанов депутат Бақытжан Базарбекке ескерту жасады. Бұған депутаттың ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қарата айтқан сыни пікірі себеп болды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Мәжілісте “Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы” заң жобасы талқыланып жатқан кезде, депутат Бақытжан Базарбек ІІМ-нің әрекетсіздігін қатты сынға алды. Ол таулы аймақтардағы заңсыз құрылыс пен жер қойнауын өз бетімен пайдалану фактілеріне қатысты бірнеше депутаттық сауал жолданғанына қарамастан, нақты шаралар қабылданбағанын айтты.
«Біз көріп отырған нәрсені полиция неге байқамайды? Бұл неге қылмыс болып саналмайды? Мен мұны былай дер едім: “Қанша айтсақ та, тәртіпсіздік сол күйінде, ал біздің Базарбек қартайып барады”. Алдын алу шаралары да, учаскелік қызмет те жұмыс істемейді», – деді депутат ашына сөйлеп.
Сонымен қатар ол ІІМ басшысына тікелей үн қатып, жауапкершілікті вице-министрлер мен көмекшілерге аудармай, мәселені жеке бақылауға алуды талап етті.
«Менің сөзім сізге ұнамауы мүмкін, бірақ мен шындықты айтуға міндеттімін. Сіз өзіңіз тікелей араласуыңыз керек», – деді ол.
Осыдан кейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутатқа ескерту жасап:
«Министрдің жұмысын бағалауға болады, бірақ жеке тұлғаға тиісудің қажеті жоқ», – деп ескертті.