✅ Пайдалы

Сіздің қаржыңыздағы «қайнаған су» қаупі

Ежелден келе жатқан бір қызық мысал бар. «Қайнаған бақа эффектісі» деп аталады. Бұның сіз бен біздің қаржылық жағдайымызға тікелей байланысы бар, деп қызықтырады Ozgeris.info «Қаржылық сауат» телеграм-арнасына сілтеме жасап. 

Бұл түсінік 19-ғасырдағы неміс ғалымдарының тәжірибелерінен шыққан. Олар бақаның рефлекстерін зерттеу үшін түрлі жағдай жасаған. Бақаны бірден қайнап тұрған суға тастасаң, ол дереу секіріп шығып кетеді. Ал егер салқын суға салып, суды біртіндеп қыздырсаң, қауіпті сезбей, ақыры судың ішінде өліп қалады.

Ғылымда бұл тәжірибенің нақты нәтижесі жөнінде пікірталас бар, дегенмен метафора ретінде ол өте әсерлі. Адам да дәл сол бақа сияқты біртіндеп күшейіп келе жатқан қауіпті байқамай, оның ішінде қалып қоюы мүмкін. Сондықтан бұл мысалды саясаткерлер де, экономистер де, бизнес-тренерлер де жиі қолданған.

Қаржылық өмірге назар аударсақ, дәл осындай құбылысты байқаймыз. Әуелі адам шағын несие алады. «Айына небәрі 20 мың теңге ғой» деп мән бермейді. Кейін тағы бір несие, кредит картасы, «бөліп төлеу» қосылады. Бір сәтте ай сайынғы төлемдер жалақының жартысын жеп қояды. Бірақ біз оны қалыпты жағдай ретінде қабылдап, ештеңе сезбейміз.

Шындығында, біз «қарыз суының» біртіндеп қайнап жатқанын байқамай қаламыз. Бұл жерде қарыз да, артық шығын да жай ғана су емес, ол  қайнауға жақындап қалған қауіпті су.

Сабақ айқын: әр адам немесе әр отбасы өзінің қаржылық «температурасын» тексеріп отыруы керек. Уақтылы тоқтау  болашақтағы күйзелістен сақтанудың жалғыз жолы. Қаншалықты ерте қимылдасақ, соншалықты аз шығынға батамыз. 

 

 

Барлық жаңалық