Сингапур үшінші жыл қатарынан ауқатты адамдарға арналған ең қымбат қала болып танылды. Бұл швейцариялық Julius Baer банк тобы жүргізген зерттеудің нәтижесі. Рейтингтің алғашқы үштігіне Сингапурдан кейін Лондон мен Гонконг енген. Одан кейінгі орындарда Монако, Цюрих, Шанхай, Дубай, Нью-Йорк, Париж және Милан орналасқан, деп жазады Ozgeris.info.
Зерттеу бай адамдар жиі тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасына негізделген. Мысалы, люкс көліктер, зергерлік заттар, жеке заңгер көмегі мен жекеменшік мектептердегі оқу ақысы сынды 20 түрлі категория қаралған. Сонымен қатар, 360 долларлық миллионер арасында сауалнама жүргізілген.
Julius Baer сарапшыларының айтуынша, люкс сегментіндегі баға өсімі көбіне жалпы инфляциядан екі есе жоғары. Мәселен, тек былтырдың өзінде бизнес-класс билеттерінің құны 18,2%-ға қымбаттаған.
Зерттеуде Азия-Тынық мұхиты аймағына ерекше назар аударылған. Өңірдегі экономика қарқынды дамып келеді: 2024 жылы нақты ЖІӨ 4,5%-ға өссе, әлем бойынша бұл көрсеткіш 3,3%-ды құраған. Соның нәтижесінде Азияда долларлық миллионерлер саны 5%-ға артып, 855 мың адамға жеткен.
Айта кетейік, бұл рейтинг АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың импорттық тарифтерді көтеру туралы мәлімдемесіне дейін жасалған. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шешім жаһандық нарықтарға ықпал етіп, кейбір активтердің құнын өзгертуі мүмкін.