Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында присяжылардың қатысуымен аса ірі көлемдегі пара алу және қаржы жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды.Бұл туралы ақпаратты 2025 жылдың 7 қазанында соттың баспасөз қызметі Telegram-арнасы арқылы хабарлады, деп жазады ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Сот материалдарына сәйкес, Шымкент қаласы ҰҚК (ДКНБ) басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Манат Сарбасов 2019–2020 жылдары қызметін асыра пайдаланып, кәсіпкер әйелден оның жеке меншігіндегі мектепке «қамқорлық» көрсету үшін 70 миллион теңге көлемінде пара алған.Алынған ақшаны ол заңдастыру мақсатында екі пәтер сатып алып, кейін оларды жалға беру және сату арқылы табыс көзіне айналдырған.
2020 жылы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасында медициналық құрал-жабдықтарды мемлекеттік сатып алу кезінде заңсыз конкурс ұйымдастырылған.Бұл іске басқарманың бөлім басшысы міндетін атқарушы Д.Ч. және кәсіпкер Т.Е. қатысып, мемлекет қаржысынан 92 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған.
Сот дерегіне сәйкес, Сарбасов бұл заңсыздықтардан хабардар бола тұра, қызметтік әрекетсіздік танытып, қылмысты тоқтатпаған және жеке пайдасын ойлаған.
Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары В.Т. де лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, медициналық бұйымдар мен жабдықтарды сатып алу барысында мемлекетке елеулі шығын келтірген.
Сот істі қарау барысында кішкентай балалары бар сотталушылардың жағдайын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.Ал Сарбасов пен С.А.-ның антты бұзуы — жазаны ауырлататын жағдай деп танылды.
Присяжылар алқасының үкімімен:
Манат Сарбасов аса ірі көлемде пара алу, бірнеше рет заңсыз ақша айналымына қатысу және қызмет бабындағы әрекетсіздігі үшін кінәлі деп танылды.
Алайда «алаяқтық жасау» және «пара беруге итермелеу» айыбы бойынша кінәсіз деп табылып, бұл баптар бойынша ақталды — яғни, қылмыстық оқиғаның болмағаны дәлелденді.
Қалған сотталушыларға шартты жаза мен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалды.Сонымен қатар оларға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.