Жаңалықтар

Шымкентте тәрбиеші балаларды «ине саламын» деп қорқытқан (ВИДЕО)

Шымкентте тәрбиеші балаларды «ине саламын» деп қорқытқан (ВИДЕО)

Шымкент қаласындағы №59 «Айша» мемлекеттік балабақшада балаларды инемен қорқытты деген күдікпен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Оzgeris.info.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырып, ата-аналардың ашық наразылығына себеп болды.

Бейнебақылау камерасынан алынған кадрларда тәрбиешінің қолында шприцке ұқсас ине ұстап, балаларды үркіткені байқалады. Сонымен қатар педагогтың мектепалды топтағы тәрбиеленушілерге психологиялық әрі физикалық қысым көрсеткені туралы деректер тіркелген. 

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, оқиға Тұран ауданында орналасқан №59 «Айша» бөбекжай-балабақшасының «Бәйтерек» мектепалды тобында болған. Тексеру нәтижесінде тәрбиешінің кәсіби әдеп нормаларын өрескел бұзғаны анықталған.

Оқиғадан кейін шұғыл түрде ведомствоаралық кеңес өткізіліп, оған прокуратура, полиция, білім және денсаулық сақтау салаларының өкілдері, балабақша әкімшілігі мен ата-аналар қатысқан. Жиын барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты нақты шаралар талқыланды.

Қалалық полиция департаменті ата-аналардың арызы негізінде тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір барлық мән-жай жан-жақты зерттеліп, кешенді тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Сонымен қатар құқық қорғау органдары білім басқармасына балабақша басшылығын уақытша қызметтен шеттету және тәрбиешіні жұмыстан босату жөнінде ұсыныс енгізді. Тергеу нәтижесіне қарай оқиғаға құқықтық баға берілмек.

 

Барлық жаңалық