Іс материалдарына сәйкес, жұп Шымкенттегі Самал-3 шағынауданында жалдамалы үйде тұрған. 20 мамыр күні күндіз олардың арасында өзара қызғаныштан жанжал шыққан, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жанжал кезінде әйел асүй пышағын алып, ер адамның кеуде тұсына бір рет соққы жасаған. Пышақ оның оң жақ өкпесі мен ірі қан тамырларын зақымдаған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
Әйел сол күні ұсталды. Сараптама қорытындысы бойынша, қылмыс жасаған сәтте ол өз әрекетінің сипатын түсініп, оны басқара алған.
Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Сот әйелді қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ сотталған әйелден марқұмның ата-анасының пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 20 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.