Жаңалықтар

Шығыстағы мыңдаған гектар жер бүлінді: Қытай нөмірлі көлік пен алтын іздеушілердің дауы (ВИДЕО)

Шығыстағы мыңдаған гектар жер бүлінді: Қытай нөмірлі көлік пен алтын іздеушілердің дауы (ВИДЕО)

Желіде табиғат ананың аяусыз талқандалу сәттері бейнеленген бейнежазба таралды. Бұл таспа 2026 жылдың 1 маусымында Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында түсірілген. Апатты жағдай Бозанбай, Самар және Көкпекті ауылдарының арасындағы кең алқапта орын алды. Бүгінде мұнда мыңдаған гектар құнарлы жер оңды-солды қазылып, ландшафт мүлдем танымастай өзгерген, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Көріністен таулар мен кең далада шынжыр табанды экскаваторлардың еркін ойқастап жүргенін аңғаруға болады. Мұндай ауыр техниканы қолданып жатқандарды куәгерлер заңсыз алтын іздеушілер деп атайды. Іске жұмылғандар қолданыстағы заң талаптарын белден басқан. Олар тіпті өзен-суларды қорғауға арналған арнайы аймақтардың ережелерін де ескермеген. Осы орасан зор қазу жұмыстары құнарлы жайылымдарды құртып, өзен экожүйесіне орны толмас ауыр нұқсан келтіруде.

Оқиға орнында Қытай мемлекетінің тіркеу нөмірі бар пикап автокөлігі байқалған. Жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда көлік ішінде көрші елдің азаматтары отырған. Жоба авторлары шеттен келген қонақтарға немесе өзге мемлекеттерге ешқандай қарсылығы жоқтығын білдіреді. Алайда туған өлкенің бұлайша бүлінуіне үнсіз қарап тұру мүмкін емес. Табиғатты құртушылардың отандас немесе шетелдік болуы ешқандай маңызға ие емес. Мұндай заңсыздық тез арада тоқтатылуы тиіс.

Қалыптасқан ахуал дер кезінде тиылмаса келешек ұрпаққа өмір сүруге мүлдем жарамсыз құлазыған дала қалуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде өңірде жылқы малын бағатын қауіпсіз әрі таза өріс қалмай барады. Туған жердің тағдырына алаңдаған белсенділер экологиялық ведомстволар мен құқық қорғау органдарынан бұл іске шұғыл араласуды сұрайды. Олар қалың бұқараны бейнежазбаны барынша бөлісіп, ортақ күшпен бұл бассыздыққа тосқауыл қоюға шақырады.

 

Барлық жаңалық