Сарапшы Юрий Масанов Қазақстанның мыс экспорты мен оны терең өңдеу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, ел шикізат пен бастапқы өңдеуден өткен өнімді экспорттап, күрделі дайын тауарларды импорттайды. Сарапшы Балқаштағы жаңа мыс балқыту зауытын өндірістік тізбектің келесі кезеңдерін ел ішінде дамытуға мүмкіндік беретін жобалардың бірі ретінде атады, хабарлайды Ozgeris.info.
«Өткен жылы Қазақстан шамамен 79 млрд доллардың тауарын экспорттады. Экспорттың ірі баптарының ішінде мысқа қатысты екі санат бар: тазартылған мыс пен мыс қорытпалары — шамамен 4,1 млрд доллар, ал мыс кендері мен концентраттары — 2,8 млрд доллар. Осы екі санат елге экспорттан 7 млрд долларға жуық түсім әкелді», — деп жазды Масанов.
Оның сөзінше, Қазақстан экспортқа шикізат пен өндірістік тізбектің бастапқы кезеңдеріндегі өнімдерді шығарып, автомобиль, телефон, автокомпоненттер мен дәрі-дәрмек секілді күрделірек дайын өнімдерді импорттайды. Сарапшы мұны «өте қарапайым салыстыру» деп атап, мыс өндіруден кейінгі өңдеу кезеңдерінің қаншасын ел ішінде қалдыруға болатынын талқылауға шақырды.
«Қазақстан катодты мысты экспорттағанда, металлургиялық өңдеудің едәуір бөлігі ел ішінде жүреді. Ал шетелге концентрат жөнелтілсе, онымен бірге өндірістік тізбектің келесі кезеңі де — балқыту, рафинадтау, ілеспе металдарды бөліп алу және басқа өнім шығару — басқа елге ауысады. Шикізат біздікі болғанымен, кейінгі өңдеу мен сол кезеңде жасалатын қосылған құн басқа экономиканың үлесіне тиеді», — деді ол.
Масановтың келтірген дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан шамамен 1,4 млн тонна мыс кені мен концентратын 2,8 млрд долларға экспорттаған. Оның бағалауынша, концентраттағы мыстың жылдық көлемі 750–800 мың тонна шамасында. Соның 470 мың тоннаға жуығы ел ішінде катодты мысқа дейін өңделсе, 280–330 мың тоннасы бар концентрат экспортталады.
Сарапшы Балқаштағы жоспарланып отырған мыс балқыту жобасының қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге жететінін жазды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 750 млрд теңге деп бағаланып, кәсіпорынды 2030 жылы іске қосу жоспарланған.
«Бұл есептер Қазақстан дәл осынша пайдадан қағылады дегенді білдірмейді. 6,45 млрд доллар — шығындар шегерілмеген кездегі өнімнің құны. Оған зауытқа салынатын инвестиция, электр энергиясы, реагенттер, жабдық, жөндеу, экологиялық шығындар, персонал мен логистика кіреді. Есептің мәні — концентрат пен дайын өнім арасында өндірістің тағы бір үлкен кезеңі бар екенін көрсету. Қазір оның едәуір бөлігі Қазақстаннан тыс жерде жүзеге асады», — деп түсіндірді Масанов.
Оның пікірінше, кен экспортына тыйым салып, барлық өңдеуді бірден ел ішінде жүргізу шешім болмайды. Қазақстанда жаңа өндірістер үшін қуат, инфрақұрылым, технология, ірі инвестиция және құрылысқа қажет уақыт болуы керек.
«Мыс өндіру мен өңдеуді бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Күшті тау-кен компаниялары болмаса, шикізат, жаңа кен орындары мен концентрат та болмайды. Бірақ заманауи металлургиясыз өндірістің келесі кезеңдері мен сол жерде жасалатын құн басқа елдерге кетеді. Сондықтан шикізат айналасында металлургияны, сервистік кәсіпорындарды, инженерлік құзыреттерді және кейінгі өндіріс кезеңдерін біртіндеп дамыту маңызды», — деп түйіндеді сарапшы.