Өткен аптаның соңында Алматыда қазақстандық жүк тасымалдаушылар мен Көлік министрлігінің Автокөлік комитеті төрағасы Алтай Әлидің қатысуымен жұмыс жиыны өтті. Кездесу нәтижесі көрсеткендей аталмыш салада мәселе жеткілікті. Осы орайда депутат Болатбек Әлиев ГИПЕРБОРЕЙ YouTube арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Қаңтарда өткен бірінші кездесуде жүк тасымалдаушылары өз елінде жетімектің күйін кешіп жүргендерін жеткізді. Жүргізушілердің сөзінше, ресейлік және беларусьтық тасымалдаушыларға жасалған жағдай оларға жасалмаған. Неліктен өткен жылдың басынан бастап қазақ жүргізушілері өзге елдің тасымалдаушылары сияқты басымдыққа ие емес, деген журналист сауалына депутат бірнеше себепті мысалға келтіріп жауап берді.
"2017-2018 жылдары импорт және экспортта қазақстандық тасымалдаушылардың үлесі өте жоғары болды. Бірақ жыл өткен сайын біздің жүргізушілер дискомфортты сезіне бастады. Өзіміз де бұл мәселені бірнеше рет көтеріп жүрдік. Қазақстанның жүк тасымалы бойынша 43 елмен байланысы бар. Олардың әрбірімін біздің жүкті кіргізуге және шығаруға келісім жасалған. 2020 жылдан бастап қазақ тасымалы 30 пайызға дейін төмендеп кетті. Яғни, жүктің 70 пайызын шетелдік тасымалдаушылар жеткізе бастады. Бұған бірнеше себеп бар. Біз өз жүргізушілерімізге қойған шектеуді, шетелдіктерге қоя алмадық. Өз еліміздің тұрғындары тасымалға арналған көліктерге рұқсат ала алмай жүргені бірден қаржылық тұрғыдан салмақ болды. Бұл - бірінші. Екіншісі - утильсбор. Машинаның класына, утильсборға қатысты шектеулер балансты бұзды. Біз өз елімізде көп шектеу енгізе бастағанда көрші елдер жүргізушілерін қыспаққа алмай, аяққа тұрып алды. Осыдан кейін олар өз жүктерін ғана тасымалдап қоймай, жан-жақты қамти бастады. Осылайша еліміз өзге елдер үшін ақша табудың қолайлы аймағаны айналды, - деп түсіндірді Нәжметдинұлы.
Осыдан кейін депутат министрліктің өз жүргізушілеріне жасаған қиянатын ашық айтып, биліктің шешімін сынады.
Соғысқа байланысты Еуропа елдері көршілерімізге санкция салып, көп жерде жол жабылды. Нәтижесінде қаңтарылып қалған жүк көліктері біздің ел арқылы жүріп өтуге рұқсат ала бастады. Яғни, беларусьтық жүк көлігі жартысына өз тауарын тіркесе, қалғанына еуропалық жүкті тіркеп алып таси берді. Негізі бұны қазақстандық тасымалдаушылар жасауы керек еді. Осы жерде баланс бұзылып біздің елде көршілеріміз қызмет көрсете бастады. Бұл жерде министрліктің уақытша рұқсат ету туралы шешімі барлығын бұзды. Ал негізінен мұндай режимге біздің елде рұқсат жоқ. Заң бойынша, тіркеп алып жүк тасымалдауға рұқсат жоқ. Рұқсат тек форс-мажор жағдайларда ғана берілген. Министрліктің қате шешімінен кейін Қазақстаннан ауқымды жүктер кіріп-шығып, транзитке әсер етіп жатыр. 2022 жылдың басынан бастап біз осындай режиммен өмір сүріп жатырмыз. Заң тыйым салса да жыл сайын бұл ұзартылып жатыр. Бұдан бөлек Ресей және Беларусь елінің жүргізушілері жүк көліктерін бізге тіркеп, нөмірлерін қазақшалай бастады. Біздегі бар жүк көліктерінен бірнеше есе жоғары олардың техникалары біздің бланкаларды қолдана бастады. Ал олар онсызда бізде деффицит", - деді ол.
Айта кетейік, журналист Михаил Козачков депутат Әлиев деген атпен белгілі Болатбек Нәжметдинұлының сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғаны туралы айғақтарды жариялаған еді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлық үшін соттылығы бар адам депутат бола алмайды.