Шахмат әлеміндегі қос жұлдыз — қазақстандық Бибісара Асаубаева мен өзбекстандық Жавохир Синдаровтың арақатынасы туралы қауесетке спортшы жігіттің әжесі нүкте қойды. Бұқаралық ақпарат құралдарында екі гроссмейстердің көңіл жарастырғаны туралы ақпарат жиі айтыла бастаған соң, Жавохирдің жақындары бұл жағдайға қатысты өз ойын білдірді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жавохир Синдаровтың әжесінің пайымдауынша, қос дарын иесі бүгінде тек достық байланыста. Десе де, ол немересінің таңдауына қарсы еместігін, болашақта жастардың сезімі тұтанса, батасын беруге әзір екенін жеткізді. «Егер немереме бір бойжеткен ұнап қалса, мен міндетті түрде құда түсіп, оны алып беремін», — деп ағынан жарылды ол. Сондай-ақ, әжесі бұл достықтың ертеңгі күні қандай бағытқа бұрылатынын уақыт көрсететінін атап өтті.
Бұл әңгіменің өршуіне Бибісара Асаубаеваның әлеуметтік желідегі белсенділігі де себеп болды. Спортшы ару Жавохирмен бірге түскен суреттерін жиі жариялап, жанкүйерлерінің қызығушылығын арттырып келеді. Дәл қазіргі сәтте екі шахматшы да спорттық мансабындағы маңызды кезеңді бастан өткеруде.
Айта кетерлігі, 20 жастағы Жавохир Синдаров Кипрде өткен Үміткерлер турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, нағыз бабында екенін дәлелдеді. Ал Бибісара Асаубаева бүгін Үндістан өкілі Дивья Дешмукхке қарсы шешуші ойынға шығады. Қазіргі уақытта қазақстандық гроссмейстер турнир кестесінде көш бастап тұрғандардың қатарында. Спорттық бәсеке мен жеке өмірдегі жаңалықтар тоғысқан сәтте, жанкүйерлер Бибісараның кезекті жеңісін тағатсыздана күтіп отыр.