Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен самбист, джиу-джитсудан әлем чемпионы Даурен Есімханов арасындағы дау-дамайға қатысты тың мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Белгілі болғандай, 2025 жылдың жазында Қарағанды қаласында Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Даурен Есімхановпен этикалық сипаттағы түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Айта кетейік, ол бұған дейін Серік Сәпиевті соққыға жықты деген дау-дамаймен қоғам назарын аударған еді.
Өңір әкімдігінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Даурен Есімханов бұған дейін де жанжалға байланысты назарға іліккен. Нақтырақ айтқанда, 2025 жылғы 16 шілдеде Қарағанды облысы әкімі аппаратының этика жөніндегі уәкілі Есімхановпен жеке түсіндіру әңгіме өткізген. Бұл кездесуге қатысты фотосурет те әкімдік сайтында орналастырылған.
Жарияланымда аталған әңгіме барысында «мемлекеттік қызметтің этикалық қағидаттарын және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын сақтау мәселелері» талқыланғаны көрсетілген. Алайда бұл кездесуге нақты не себеп болғаны ашық айтылмайды.
