Семей қаласындағы «Айгөлек» ясли-бақшасында бес жасар ерекше балаға қатыгездік жасалды деген шағым бойынша тергеу басталды.Тіл және психикалық дамуы кешеуілдеген ұл баланың ата-анасы тәрбиеші тыныштық сағаты кезінде оны тұншықтырмақ болды деп мәлімдеді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты 7-арнаның мәліметіне сілтеме жасап.
Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.Ата-ананың айтуынша, тәрбиеші балаға көрпені жауып, оның бетін қолымен жапқан және ұзақ уақыт бойы дәл осы қалыпта ұстаған. Олар монитордан түсіріп үлгерген бес минуттық видео бар, алайда ата-ананың сөзінше, тәрбиешінің әрекеті шамамен бір сағатқа созылған.
Бөбекжай басшылығының мәліметінше, 38 жастағы қызметкер бұған дейін декреттік демалыста болған және жұмысқа тек қыркүйек айында оралған. Дәл осы кезеңнен кейін күдік тудырған жағдай орын алған. Оқиғадан соң тәрбиеші алдымен аурухана парағын ашқан, кейін қайтадан декреттік демалысқа шыққан.Қазіргі таңда бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, қылмыстық іс қозғалды.
Баланың анасы Арай Аскарқызы болған жағдайды былай жеткізді:
«Бұл әйел ұлымды ұйықтатып жатып, бетін әуелі көрпемен, кейін қолымен жауып, шамамен бір сағат бойы тұншықтырған. Менде бар видео небәрі бес минут, бірақ оқиға әлдеқайда ұзаққа созылған. Біз сұрағанда, ол “Ол осылай ұйықтайды” деп жауап берді. Біздің басты талабымыз істі сотқа жеткізу және оны тәрбиешілік қызметтен біржола шеттету».
Ата-ананың айтуынша, оқиғадан кейін баланың психологиялық жағдайы күрт нашарлаған. Олар күдікке ілінген тәрбиешінің балалармен жұмыс істеу құқығынан толықтай айырылуын талап етіп отыр.