Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қасиеттеріне баға беріп, оны «саяси тұрғыдан өте қуатты тұлға» деп атады. Кремль өкілі бұл пікірін журналист Павел Зарубинге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Песков Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путин туралы бұған дейін айтқан пікіріне түсініктеме берген.
«Президент Тоқаев – саяси тұрғыдан өте қуатты адам, орасан зор ресурсы бар өте мықты тұлға. Болашақты дәл осылай саяси тұрғыдан көре алатын, берік әрі дәйекті адамдар ғана мұндай мәлімдемелер жасай алады. Басқалардың қолынан бұл келмейді», – деді Дмитрий Песков.
Әңгіме Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздерден кейін өткен баспасөз мәслихатындағы сөзі туралы болып отыр. Сол кезде журналист Қазақстан Президентінен Владимир Путинге қатысты ұстанымын сұраған.
Тоқаев Ресей басшысымен қарым-қатынасының жақсы екенін айтып, Путинді көрнекті мемлекет қайраткері деп атаған. Сондай-ақ ол Ресей секілді аумағы үлкен әрі күрделі тарихы бар мемлекетті басқару үшін қажетті қасиеттер Путиннің бойында бар екенін атап өткен.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті елдің БҰҰ Жарғысында бекітілген қағидаттарды, соның ішінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығы принципін ұстанатынын мәлімдеген. Украинадағы жағдайға қатысты Тоқаев әскери іс-қимылдарды тоқтатып, кейін келіссөздер үдерісіне көшу қажеттігін айтқан.
Песковтің сөзінше, Тоқаевтың мұндай пікір білдіруі оның саяси көзқарасының, табандылығы мен ұстанымындағы дәйектіліктің көрінісі.