Жаңалықтар

Ресейдегі отын тапшылығы: Самаралық жүргізушілер бензин құю үшін Оралға келе бастады

Ресейдегі отын тапшылығы: Самаралық жүргізушілер бензин құю үшін Оралға келе бастады

Көршілес Ресейде жанармай тапшылығы қатты сезіле бастады. Осыған байланысты көрші елдің тұрғындары Қазақстанға көптеп келіп жатыр. Олар арзан әрі кезексіз бензин құю үшін шекара асып келуде, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Ресейлік нарыққа қатысушылардың мәліметіне жүгінсек күрделі жағдай ең алдымен оңтүстік аймақтарда байқалады. Сібір мен Қытай бағытында да қиындықтар жетерлік. Жанармай құю бекеттерінде ұзын сонар кезек пайда болып бензин мен дизель бағасы шарықтап кетті.

Бұл дағдарыс қарапайым жүргізушілерді ғана емес жүк тасымалдаушыларды да әбігерге салды. Логистикалық компаниялар бірінші шілдеден бастап қызмет құнын кем дегенде он пайызға қымбаттататынын ескертті. Кейбір бағыттарда дизель отынының бір литрі жетпіс жеті мен тоқсан рубль аралығына дейін өскен. Бұрын бұл көрсеткіш жетпіс пен жетпіс екі рубль шамасында болатын.

Осындай тығырыққа тірелген тасымалдаушылар балама жол іздеуге көшті. Кейбір мекемелер өз бағытын Қазақстан арқылы өтетіндей етіп өзгертті. Біздің елде отын қоры жеткілікті және бағасы да айтарлықтай арзан.

Талдықорғандық автосарапшы Адыл Бейсенбаев шекаралас аймақтардағы көрші ел азаматтарының отандық бекеттерге жиі бас сұғатынын байқаған. Сарапшы Самарадан Оралға арнайы көлікке май құю үшін келген жүргізушіні мысалға келтірді.

Ресейлік азамат Қазақстандағы бензиннің өз елімен салыстырғанда екі есе дерлік арзан екеніне таңғалған. Бекеттерде кезек мүлдем жоқ. Айырбастау пунктері де жанармай бекеттерінің дәл жанында орналасқан. Онда рубльді теңгеге оп-оңай ауыстыруға болады.

Қазіргі таңда бұл үрдіс "жанармай туризмі" деген жаңа атауға ие болды. Көрші елдегі қиындықтар жалғаса берсе Қазақстанға келетін шетелдік жүргізушілердің қарасы қалыңдай түспек. Мұндай жағдай шекарадағы бекеттерге үлкен салмақ түсіреді. Өйткені ол аймақтарда онсыз да отынмен қамтамасыз ету мәселесі оқтын-оқтын туындап тұрады.

Осы оқиғалар аясында "Reuters" агенттігінің дереккөздері Ресейдің Қазақстаннан АИ-92 маркалы бензинін импорттауды жоспарлағанын жазды. Қос мемлекет арасындағы келіссөздер шамамен елу мың тонна көлеміндегі отынды қамтуы мүмкін.

Барлық жаңалық