Ресей Мемлекеттік Думасы интернетте экстремистік сипаттағы материалдарды әдейі іздегендерге қатысты әкімшілік жаза енгізетін заңды қабылдады. Бұғаттауды айналып өту үшін VPN қолданғандарға 5 мың рубльге дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар, мұндай сервистерді жарнамалап, іске асыратын операторлар да жауапкершілікке тартылады. Билік бұл шараларды ақпарат кеңістігін қатаң бақылауға алу қажеттілігімен түсіндіреді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты kznews.kz порталына сілтеме жасап.
Pravo.ru порталының хабарлауынша, 2025 жылғы 22 шілдеде Дума үшінші оқылымда тиісті заңды қабылдады. Онда интернетте тыйым салынған, әсіресе Ресейдің федералдық тізіміне енген экстремистік контентті іздеу мен оған қол жеткізуді қасақана жасағандар жазаланатыны көрсетілген. VPN және басқа да бұғаттауды айналып өту құралдарын қолдану – ауырлататын мән-жай ретінде бағаланады.
Жаңа ережелерге сай, Ресейдің Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне 13.53-бап енгізілуі мүмкін. Бұл бап бойынша тыйым салынған контентті әдейі іздеген азаматтарға 5 мың рубльге дейін айыппұл салынады.
Аталған күнге дейін экстремистік материалдар тізімі 536 бетті қамтиды. Олардың ішінде Ресейде экстремистік деп танылған Meta компаниясына тиесілі Instagram және Facebook желілеріндегі жазбалар да бар.
Сондай-ақ заңда VPN-сервис жеткізушілері мен байланыс операторларына тыйым салынған сайттарға шектеу қоймағаны үшін жауапкершілік белгіленген. VPN қызметтерін жарнамалағандар үшін де айыппұл қарастырылған: жеке тұлғаларға – 50-80 мың рубль, лауазымды адамдарға – 80-150 мың, ал заңды тұлғаларға – 200-500 мың рубль аралығында.
Ресей билігінің мәлімдеуінше, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – елдегі ақпараттық кеңістікке бақылауды күшейтіп, тыйымдарды айналып өту әрекеттерінің жолын кесу.