Іздеуде жүрген бұрынғы судья Қарлығаш Тәткеева Ресей азаматы екені белгілі болды. Бұл туралы «Выход к морю» Telegram-арнасы хабарлады. Дереккөздің мәліметінше, ол көрші елде жасырынуы мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.
«Жарияланған мәліметтен Тәткееваның нақты қашан Ресей азаматтығын алғаны белгісіз. Бірақ базадағы фотосына қарап, оның ресейлік паспорты бары анық. Өйткені суреттің шетінде ресейлік құжатқа тән арнайы белгілер көрінеді», делінген жазбада.
Айта кетейік, Қарлығаш Тәткеева бұған дейін Азаматтық істер жөніндегі Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған.
Биыл 20 маусымда оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылып, іздеу жарияланған еді. Бұған дейін оның қайда жүргені туралы ақпарат бергендерге сыйақы тағайындалатыны айтылған.