Алматыдағы "Sanzhar Rulit" автосалонының отыз жастағы сату менеджері Назерке Қарабекова тұтынушыларды алдап соқты. Қытайлық темір тұлпарларды сататын орталық қызметкері клиенттерден он жеті миллион теңгеге жуық қаражат жымқырған. Жуырда Жетісу аудандық №2 соты оған қатысты үкім шығарып, алты жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлайды ozgeris.info сайты Kozachkov телеграм арнасына сілтеп.
Оқиға өткен жылдың қазан айында басталған. Ерлі-зайыптылар гибридті көлік сатып алмақ ниетпен аталған салонға келеді. Мекеме басшысы Абдаллах-Санжар Асқаров сатып алушылармен жеке сөйлесіп, бес жүз мың теңге жеңілдік жасаған. Құжаттарды рәсімдеуді қарамағындағы қызметкерге тапсырады. Алайда менеджер арам пиғылын іске асырып, басшының қолы мен мекеме мөрін қолдан жасап, жалған келісімшарт дайындаған.
Қарабекова клиенттерден ақшаны кәсіпорын есебіне емес, құрбысының шотына аударуды сұрайды. Алдымен жеті жарым миллион теңге талап етіп, кейін тағы жеті миллион төрт жүз мың және екі миллион теңге аударуға көндіреді. Осылайша отбасы "Deepal" автокөлігі үшін жалпы сомасы 16 миллион 900 мың теңге төлеген. Сатушы темір тұлпарды 2025 жылдың соңына дейін жеткізіп беруге уәде етеді.
Уақыт өте келе көліктен дерек болмаған соң, алданғандарын түсінген тұтынушылар ақшаларын қайтару үшін автосалонға барады. Сол жерде ғана құжаттағы мөр мен басшының қолы жалған екені әшкереленеді. Ал автосалон басшылығы бұл жағдайға мүлдем қатысы жоқ болып шығады.
Зардап шегушілер полицияға шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғалды. Сот залында айыпталушы кінәсін мойындаудан бас тартқан. Ол көлікті арзан бағаға әкеліп беруді ұсынған әріптесіне ақшаны табыстағанын алға тартады. Ол қызметкер жұмыстағы басқа да қателіктері үшін жұмыстан шығарылған екен. Бұл уәжді растайтын ешқандай дәлел табылған жоқ. Он жеті миллион теңгенің нақты кімге берілгенін ешкім дәлелдей алмады. Нәтижесінде сот Қарабекованы алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп таныды. Әзірге шығарылған үкім заңды күшіне енген жоқ.