Жаңалықтар

“Қысым болды” деген экс-менеджер: Air Astana Абулхановқа қатысты мәлімдеме жасады

“Қысым болды” деген экс-менеджер: Air Astana Абулхановқа қатысты мәлімдеме жасады

Air Astana әуе компаниясы Air Astana мен FlyArystan компанияларының бұрынғы топ-менеджері Ренат Абулхановтың қоғамда қызу талқыланған хатына байланысты ресми жауап жариялады, деп хабарлайды Оzgeris.info ақпарат порталы.

 

Бұған дейін Ренат Абулхановтың хатына қатысты Бас көлік прокуратурасы тексеру жүргізе бастаған болатын. Тергеу аясында ұрлық және ақшалай қаражатты заңдастыру деректері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда аталған қылмыстарды жасады деген күдікке ілінген Абулханов бір жылдан астам уақыттан бері қамауда отыр.

 

Өз хатында ол тағылған айыптаулармен келіспейтінін, өзін кінәсіз санайтынын және істің қолдан жасалуы мүмкін екенін алға тартқан. Сонымен қатар, әуе компаниясы басшылығы тарапынан ұжымдық қысым көрсетілгенін де мәлімдеген.

 

Air Astana компаниясы бұл іске байланысты барлық процессуалдық әрекеттер құзырлы органдардың өндірісінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Компания өкілдерінің айтуынша, олар заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, тергеу органдарына қажетті деңгейде көмек көрсетіп келеді.Сондай-ақ әуе тасымалдаушысы істің нақты мән-жайын анықтау, сондай-ақ біреудің кінәлі немесе кінәсіз екенін бағалау тек соттың құзыретіне жататынын ерекше атап өтті.

 

Компания IPO-ға дайындық кезеңінде “басшылықтың тапсырмаларын орындаудан бас тартқаным үшін қудалауға ұшырадым” деген Абулхановтың мәлімдемесін шындыққа жанаспайтын деп бағалап, оны қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеті ретінде қабылдайтынын мәлімдеді.

 

Бұдан бөлек, Air Astana хатта жарияланған және компания қызметкерлерінің ішкі хат алмасуынан алынған делінген суреттердің шынайылығын, толықтығын және түпнұсқалығын жоққа шығарды. Компания бұл материалдардың қайдан алынғаны мен мазмұны тек заңда белгіленген тәртіппен ғана тексерілетінін жеткізді.

 

«Air Astana өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін тексерілмеген ақпараттардың таралуын тергеу жүріп жатқан кезде қоғамдық пікірге қысым жасау әрекеті ретінде қарастырады және өз заңды мүдделерін құқықтық жолмен қорғау құқығын сақтап қалады», – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.

 

Соңында әуе компаниясы БАҚ өкілдері мен жұртшылықты сот процесі толық аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Барлық жаңалық