Астана қаласының сәулет бөлімі мен «NAK» құрылыс компаниясының кезекті жобасы желі қолданушыларының ашуын тудырды. Тұрғындар №2 қалалық аурухананың дәл алдындағы өте тар аумаққа (Тұрар Рысқұлов көшесінің бойы) жаңа тұрғын үй кешенін (ЖК Bayaan) салу жоспарына наразылық білдіруде.
Chingizkaz есімді желі қолданушысы бұл жағдайды «құрылыстағы нанотехнология» деп кекесінмен атап, құрылыс компаниясы мен әкімдіктің бұл әрекетін «шектен шығу» деп бағалады.
«Астананың Сәулет бөлімі мен NAK тағы да шектен шықты, дәлірек айтсақ, қала құрылысында "жаңа серпіліс" жасады. Енді бизнес-класс үйінің ені 3 төсектің көлеміндей ғана болуы мүмкін. Ал құрылысты қалыпты сәулетші әрең дегенде веложол сыйдыра алатын тротуардың орнына сала беруге болады», – деп жазды блогер өз парақшасында.
Жазба авторы бұл жауапты тұлғалардың бұған дейін де «Венский квартал» тұрғын үй кешенінің алдында мектеп салынуы тиіс жерге 15 қабатты ғимарат салып тастағанын еске салды.
Жаңадан бой көтеретін нысан тікелей аурухананың алдында орналасқандықтан, автор:
«Мүмкін олардың бәрін бірге жинап, алдында тұрған ауруханада ашкөздіктен емдеу керек шығар?» – деп ащы шындықты жеткізді.
Қаланың сәулеттік келбеті мен инфрақұрылымына нұқсан келтіретін мұндай «тығыз құрылыс» (точечная застройка) мәселесі елордалықтар арасында үлкен резонанс тудырып, жазба астында қызу пікірталас жүріп жатыр.