Жаңалықтар

Құлсарыда мұз жарылып, зейнеткер суға түсіп кетті

Құлсарыда мұз жарылып, зейнеткер суға түсіп кетті

Атырау облысының Құлсары қаласында мұз астына түсіп кеткен зейнеткер құтқарылды. Оқиға Қамыскөл көлінде болған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 16 наурыз күні ер адам көлді мұз үстімен кесіп өтпек болған. Алайда көктемгі мұздың жұқалығы салдарынан ол адамның салмағын көтере алмай, зейнеткер мұз астына түсіп кеткен.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар ер адамды мұздай судан шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.

Белгілі болғандай, зардап шеккен азамат 1951 жылы туған. Дәрігерлер оған қажетті медициналық көмек көрсеткен. Оның қазіргі жағдайы нақтыланып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі көктем мезгілінде су айдындарындағы мұздың өте қауіпті болатынын ескертеді. Температура көтерілген сайын мұздың беріктігі төмендеп, сырт көзге қатты көрінгенімен, кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін.

Құтқарушылар азаматтарды мұз үстіне шықпауға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Барлық жаңалық