Атырау облысының Жылыой ауданында екі жасөспірімге қатысты күмәнді әрекеттерге барған деген болжаммен 1985 жылы туған ер адам құрықталды. Бұл туралы ozgeris.info сайты облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, Кұлсары қаласының тұрғыны мас күйінде немесе есірткілік әсерде болған болуы мүмкін. Ол мектеп оқушыларын құшақтап, оларды өзімен бірге кетуге үгіттеген.
Тексеру барысында ұсталған азаматтың II топтағы мүгедек екені анықталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері балалардың ата-аналарымен әңгімелесу өткізіп, балаларды қараусыз қалдырмаудың маңыздылығына баса назар аударды. Облыстық полиция басшылығы тергеу барысын өз бақылауына алғанын мәлімдеді.