Қостанай қаласындағы ерекше әлеуметтік қызмет көрсету орталығында (мүгедектігі бар балаларға арналған интернат) 14 жастағы тәрбиеленуші қайтыс болды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
Қайғылы оқиға 28 шілде күні күндізгі тынығу кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, баланың жүрегі тоқтап қалған. Мекеме қызметкерлері оның жағдайына ғимарат ішіндегі аптап ыстық пен ауа жетіспеушілігі әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Оқиға туралы құқық қорғау органдарына хабар берілген. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар қызметкерлер балалар жатқан бөлмелерге кондиционер орнатуды бірнеше рет сұрағандарын, алайда бұл мәселе шешілмегенін айтады. Олардың сөзінше, кондиционерлер тек әкімшілік кабинеттеріне орнатылған.
Құқық қорғау орталығының пікірінше, тексеру барысында бөлмелердегі температура, желдету жүйесінің жағдайы, медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі және мекеме басшылығының әрекеті жан-жақты зерттелуі тиіс.