Qazaq Air әуе компаниясының ұшағы Қостанай әуежайынан ұшуға дайындалып жатқан сәтте төтенше жағдай болды әуе кемесінің дөңгелегі отқа оранды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Ақ Жайық сайтына сілтемемен.
Оқиға куәгерінің айтуынша, ұшақ ұшу жолағында жылдамдық ала бастаған кезде кенеттен тоқтап қалған.
«Ұшақ кенеттен тежелді. Мен дәл сол дөңгелектің жанында отырған едім. Тежеген сәтте ұшқын шықты да, дөңгелек лап етіп жанып кетті», — дейді журналист.
Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Экипаж дереу қауіпсіздік шараларын қолданып, барлық жолаушыларды борттан түсірді. Ұшақ әуеге көтеріле алмай, рейс кейінге шегерілді.
Астанаға бағытталған бұл рейстің уақыты әзірге белгісіз. Ал елордаға әрі қарай Вьетнам мен Қытайға транзитпен ұшпақ болған жолаушылар амалсыздан жаңа билеттерді Алматы арқылы сатып алуға мәжбүр болған.