Қостанай облысында көпбалалы ана дәрігерлердің қателігінен 11 жастағы қызым мүгедек болып қалды деп шағымданса, аурухана басшылығы кінәні жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Информбюроға сілтеме жасап.
Бұл туралы шағымданған Айгүл Ділдабай оқиға осыдан 3 жыл бұрын Әулиекөл ауданының Диевка ауылында болғанын айтады.
Анасының сөзінше 8 жасар қызы Мерейдің бетіне бөртпе шыққан соң жергілікті емханаға апарған, ал дәрігерлер ешқандай сараптама жасамастан цефтриаксон антибиотигін салған. Күшті дәріні екі күн бойы қабылдаған оқушы есінен танып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен.
«Бардық укол алуға, мен ойладым енді солай әсер беретін шығар деп. Ешқандай пробный жасаған жоқ бұл балаға, сразу сол құлағаннан бала реанимацияға ауыр жағдайда түсті. Айтып отырмын ғой 3 шілдеге дейін бұл комада жатты. Мен молда кіргіздім уже, өйткені врач маған дайын болыңыздар деді», – деді Айгүл Ділдабай.
Үздік оқыған Мерей қазір мүлде сөйлей алмайды, тамақ пен суды ишаратпен ғана сұрайды. Қыз бала тепе-теңдік ұстай алмайтындықтан тек жетектеп жүреді және кіші дәретін де ұстай алмайтын хәлге жеткен.
«Бала равновесье ұстамайды, жетектеп жүрмесең жүре алмайды. Мүлде сөйлемейді, бәрін жестпен көрсетеді, суды сұрайды, тамақты сұрайды. Уголовный жоқ деп прокуратура жауып тастады істі. Дәрігері де, медбике де сол орында жұмыс істеп жатыр әлі, мен сол ауылдан көшіп кеттім, бірақ жұмыс істеп жүргенін білемін», – мәлімдеді көпбалалы ана.
Ал Әулиекөл аудандық ауруханасының бас дәрігері Темірхан Бегісбаев бұл жағдайға байланысты арнайы тексеріс жүргізілгенін жеткізді. Ол құжаттарды толық зерттеген мамандар дәрігерлер тарапынан ешқандай қателік болмағанын анықтағанын алға тартты.
«Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бізді толыққанды тексеру жүрді, барлық құжаттар алынды, түсініктемелер алынды. Дәрігерлік көмек жағынан дұрыс емес тағайындауынан баланың мүгедек болып қалуы себеп емес деген қорытындыға келді. Емнен, антибиоктен емес, ауруының асқынуынан болған», – хабарлады бас дәрігер.
Прокуратура бұл іске қатысты қылмыстық істі тоқтатқандықтан, Айгүл Ділдабай кінәлі дәрігерлер жазасын алуы тиіс деп есептеп Бас прокуратураға шағым түсіріп жатыр.