Н.М.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының доценті, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы Qasqa Jol YouTube aрнасына берген сұхбатында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге діни тұрғыда өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Айтуынша қазіргі діндар адамдар дінді толық түсінбеген.
"Біз діннің мақсатын түсінбегендіктен Құдайға жақындаудың амалы ретінде емес, бір белгілі пайданың көзі ретінде, перде ретінде пайдаланамыз. Ақырзаман жақындаған кезде адамдар адамдар Құран оқиды бірақ көмекейінен төмен түспейді. Ауызбен Құран оқығанмен жүрек оны сезбесе одан көк тиын пайда жоқ. Сондықтан қазіргі діндарлардың көбісін мен материалистер деймін. Көпке топырақ шашпаймын, арасында жақсылары да бар ғой. Материализмнің атын өзгерткені болмаса, адам өзгермейді. Сен намаз оқымайсың ба онда кәпірсің. Біреудің дінімен күресіп жатыр. Шын мәнісіне келгенде Құдайға жақын адам біреумен күреспейді, өзінің проблемасын ойлайды. Бұрынғы діндар, әулиелердің неге халық әлі күнге дейін жақсы көресді? Өйткені олар ешкіммен күрескен жоқ. Олар дінді толық түсінген", - деді ол.
Бұнымен қоса ғалым қазіргі тенденцияға айналған тоқал алу мәселесіне де тоқталды.
"Бұл әсіресе өздерін діндар деп санап жүрген адамдардың ортасында 4 әйел алуға рұқсат дегенді міндет ретінде алып алған. Кейбір уағызшылар бір әйел алу мұсылмандар емес деген үзінділерін көзім шалып қалды. Бұл дұрыс нәрсе емес. Өйткені Құранның аятында: "Егер сендер әділеттілік сақтаудан қорықсаңдар бір әйелді қанағат тұтыңдар" дейді. Біздікілер бірінші аяттың алдыңғы бөлшегіне ғана қарайды да соңғы жағына қарамайды. Ал әділеттілік деген адамның қолынан оңай келетін шаруа емес. Болмайды деп те айтуға болмайды. әркімнің басында әртүрлі тағдырлар бар. Бұл тағдырдың басқа салғынымен болу керек. Шалбардың ішіндегі есеппен болмау керек", - деді дінтанушы.
Шетелде оқып келгендерді де сынға алды.
"Шет елде оқып келген діндардардарда қазақилық жоқ.Арабияда оқып келген бала үшін Арабияның дәстүрі ислам, қазақтың дәстүрі ислам емес. Нағыз мұсылмандар олар арабтар деген түсінік пайда болуы мүмкін", - деді ол.