Өткен жылы қызмет барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның бұрынғы жұбайы Әділет Зейнел мен оның анасы алғаш рет көпшілік алдына шығып, болған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Олардың сұхбаты «Қазақстан халық партиясы» YouTube арнасында жарияланды.
Еске салайық, 30 шілдеде Әділет Зейнелдің екінші рет шаңырақ көтергені белгілі болған еді. Марқұм жұбайының дүниеден өткеніне бір жыл толмай жатып қайта үйленуі әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Көпшілік оның бұл шешімін асығыс деп бағаласа, Ұлдананың туыстары да реніштерін жасырмаған. Марқұмның анасы Сәлима Ершанкүлқызы Әділет пен оның отбасы өздерінен кешірім сұрап, алдынан өтпегенін айтқан болатын.
Алайда сұхбат барысында Әділет оқиғаның өз нұсқасын баяндады. Оның айтуынша, қазіргі жұбайы да медицина саласында еңбек етеді. Олар кезінде Ұлданамен бір мекемеде жұмыс істегенімен, әлеуметтік желіде тараған ақпараттағыдай жақын құрбы болмаған.
«Біз сәуірдің соңы мен мамырдың басында араласа бастадық. Ол Ұлдананың құрбысы болған жоқ. Екі жыл бірге жұмыс істегенде бір-ақ рет кезекшілікке бірге түскен. Қазір менің қайта күліп, өмірге деген құлшынысымның оралуына алдымен Алла, анам және қазіргі жұбайым себеп болды. Ол маған жаңа өмір сыйлады», – деді Әділет.
Сондай-ақ ол өзін «марқұм жұбайын тез ұмытты» деп сынағандарға да жауап берді. Оның сөзінше, Ұлдана қайтыс болғаннан кейін бірнеше ай бойы ауыр күйзелісті бастан өткерген.
«Қараша айынан кейін жұмыстан шығып кеттім. Үйден шықпай, ешкіммен араласқан жоқпын. Төрт ай бойы төрт қабырғаға қамалып өмір сүрдім. Наурыз айында анамның сөзінен кейін ғана өзімді қолға алып, жаңа жұмысқа орналастым. Мамырда қазіргі жұбайыммен араласа бастадым, ал шілдеде үйленуге шешім қабылдадық», – деді ол.
Әділет әлеуметтік желідегі сын-пікірлерге үйренгенін айтқанымен, жақындарының жағдайына алаңдайтынын жеткізді.
«Маған айтылған сынға үйреніп қалдым. Бірақ мұның бәрін көтеріп жүрген анама және әйеліме жаным ашиды. Әр адамның жеке шекарасы бар. Қазіргі жұбайымның ар-намысына тиіп, оған қатысты жалған ақпараттың таралғанын қаламаймын», – деді ол.