«Қазақтелеком» АҚ ұшқышсыз ұшу аппараттарын мемлекеттік және қалалық қызметтердің күнделікті жұмысында пайдалануға мүмкіндік беретін «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» жобасын кеңейтуде. Қазіргі таңда бірыңғай желіге 75 дрон қосылған. Жоба Астана мен Шымкент қалаларын, сондай-ақ Ақмола, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Жетісу облыстарын қамтиды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Жобаның басты ерекшелігі – дрондарды жекелеген тапсырмаларды орындау үшін ғана емес, тұрақты жұмыс істейтін телекоммуникациялық инфрақұрылымның бір бөлігі ретінде пайдалану. Аппараттар алдын ала белгіленген маршруттар бойынша жүйелі түрде ұшып, фото және бейнематериалдарды жинайды әрі алынған ақпаратты нақты уақыт режимінде жедел штабтарға жеткізеді. Бұл тәсіл су тасқыны қаупін бақылауға, заңсыз қоқыс орындарын анықтауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен қала құрылысы нысандарын бақылауға, өрт қауіпсіздігі мен жол қозғалысы талаптарының сақталуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Ақмола облысы жобаның ең ірі кластері орналасқан өңір болып отыр. Жоба іске қосылғаннан бері мұнда 22 дрон су тасқыны қаупі жоғары 19 елді мекенді бақылау мақсатында 2,5 мыңнан астам рет ұшқан. Мониторинг барысында су деңгейінен бөлек, қоқыс жиналған 60 учаске, 25 рұқсат етілмеген қоқыс орны, жылу шығыны байқалған 35 нысан және заңсыз салынған 5 құрылыс анықталған.
Шымкентте қала әкімдігімен бірлесіп 16 дрон жұмыс істейді. Аппараттар күн сайын Тұран, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында әуеден мониторинг жүргізеді. Нәтижесінде 107 проблемалық жағдай тіркелген. Олардың ішінде 60 заңсыз қоқыс орны, 28 құрылыс нысаны бойынша бұзушылық, қоқыс жағу және өрттің 15 фактісі, түнгі жарықтандыруы жоқ 3 учаске және жер қатынастары саласындағы 1 заң бұзушылық бар. Анықталған қоқыс орындарының едәуір бөлігі жергілікті әуежай маңында орналасқан.
Жоба географиясы тамыз айында Маңғыстау облысының қосылуымен кеңейді. Өңірде бес дрон іске қосылып, алғашқы алты күннің өзінде 79 оқиға анықталды. Олардың қатарында 47 экологиялық заң бұзушылық, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері, 7 құрылыс нысанының тексерілуі, сондай-ақ жағажайлар мен өрт ошақтарының мониторингі бар.
Осылайша, дрондардан алынған ақпаратты бірыңғай жүйеде жинау және жедел штабтарға беру өңірлердегі қалалық және инфрақұрылымдық мәселелерді ерте анықтап, оларға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін құралға айналып келеді.